2026 жылғы 17–18 наурыз күндері Талғар ауданында білім беру мекемелерінің оқытушыларына арналған екі күндік оқыту семинары ұйымдастырылды. Аталған іс-шара педагог қызметкерлердің кәсіби біліктілігін арттыруға және білім беру ортасындағы өзекті мәселелерді талқылауға бағытталды.
Семинар Алматы облысы Дін істері басқармасы жанындағы «Дін саласындағы мәселелерді зерттеу орталығы» КММ және «Адам және қоғам» қоғамдық бірлестігі бірлесіп ұйымдастырды.
Іс-шараның негізгі мақсаты – педагог қызметкерлердің жасөспірімдер арасында деструктивті және радикалды идеологиялардың таралуының алдын алу бағытындағы кәсіби құзыреттілігін арттыру, сондай-ақ оларды заманауи әдіс-тәсілдермен қаруландыру болды.
Семинар барысында қатысушылар дін саласындағы заңнама мен нормативтік құқықтық актілер туралы кеңінен ақпарат алып, мемлекеттік бағдарламалар аясындағы жұмыстармен танысты. Сонымен қатар, жастармен жұмыс істеудің заманауи тәсілдері мен алдын алу механизмдері жан-жақты талқыланды. Практикалық кейстер арқылы педагогтар нақты жағдайларды саралап, өз тәжірибелерін жетілдіруге мүмкіндік алды.
Іс-шараға қатысқан №6 орта мектептің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ниязалиева Асел Догдырхановна
өз әсерімен бөлісіп:
«Бұл семинар біз үшін өте пайдалы болды. Әсіресе, оқушылармен жұмыс барысында кездесетін күрделі жағдайларды шешудің нақты жолдарын үйрендік. Қазіргі заманда мұндай білімнің маңызы зор. Алынған тәжірибені күнделікті жұмысымызда міндетті түрде қолданамыз», – деді.
Екі күнге созылған семинар педагогтардың кәсіби әлеуетін арттыруға оң әсерін тигізіп, білім беру ортасында қауіпсіз, саналы әрі тұрақты орта қалыптастыруға бағытталған маңызды алаңға айналды.
Мұндай іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасын тауып, педагогтардың біліктілігін арттырумен қатар, қоғамдағы өзекті мәселелердің алдын алуға үлес қоса береді.
Нұрғалиева Гүлім Тұрсынбайқызы
“Адам және қоғам” қоғамдық бірлестігің директоры
