Павлодар облысы 2028 жылға қарай дотациялық аймақтар қатарынан шығып, қаржылай тұрғыдан өзін-өзі қамтамасыз ететін өңірге айналады.
Павлодар облысы даму жолындағы маңызды кезеңге жақындап келеді. 2028 жылға қарай өңір толықтай дотациялық аймақтар қатарынан шығып, қаржылай тұрғыдан өзін-өзі қамтамасыз ететін деңгейге жетеді.
Бұл – облыс өз шығындарын республикалық бюджетсіз, тек ішкі кіріс көздері есебінен өтей алады деген сөз. Мұндай нәтижеге өңірдің жүйелі инвестициялық саясаты мен бизнесті қолдауға бағытталған нақты қадамдарының арқасында қол жеткізілуде.
Бүгінде Павлодар облысында өнеркәсіп, энергетика, логистика және қайта өңдеу салаларында ірі инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Өңірге жаңа компаниялар келіп, заманауи өндірістер ашылып, жұмыс орындары көбеюде. Экономикаға тың серпін берді. Ертіс-Баян өңірі инвестиция құюға қолайлы өңір болып тұр. Аймақта өндіріс бастап, дамытуға ниетті кәсіпкерлерге барлық жағдайлар жасалуда.
Тұрақты инвестициялық саясаттың нәтижесінде аймақтың салық түсімдері жылдан жылға өсіп келеді. Ал бұл – болашақтағы толық қаржылық дербестіктің берік негізі. Инвестициялық белсенділік өңір экономикасының жаңа деңгейге көтерілуіне басты қозғаушы күш болып отыр.

Болжам ел Үкімет тарапынан расталды.
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттарына «2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасын таныстырған Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин 2028 жылға қарай Павлодар облысы қаржылай тұрғыдан өзін-өзі қамтамасыз етеді деп мәлімдеді.
Демек, үш жылдан кейін Павлодар облысы республикалық трансферттерге сүйенбей, барлық шығындарын өз кірістері арқылы қаржыландыра алады.

Өңір үшін бұл нені білдіреді?
Өзін-өзі қамтамасыз ететін өңір мәртебесі бюджет қалыптастыруда дербестікті арттырып, өз даму бағдарламаларын кеңінен жүзеге асыруға, инвестициялық тартымдылықты күшейтуге, инфрақұрылым сапасы мен әлеуметтік саланың әлеуетін одан ары жақсартуға жол ашады.
Яғни Павлодар облысы тұтынушы аймақтан өндіруші, жаңа экономикалық мүмкіндіктер жасайтын өңірге айналады.






