2026 жылы Қазақстанда бокстан студенттер арасында әлем чемпионатын өткізу мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Мұндай халықаралық деңгейдегі дода елімізде соңғы рет 2006 жылы өткен. Араға 20 жыл салып, байрақты бәсекенің қайтадан қазақ жерінде ұйымдастырылуы – Қазақстан спорты үшін үлкен мәртебе болмақ.
Әлем чемпионатын Қазақстанда өткізуді Халықаралық университеттер спорты федерациясының өзі ұсынып отыр. Бұл бастама 28 қараша күні Қытайдың Макао қаласында өткен Азия университеттік спорт федерациясының Бас Ассамблеясында талқыланды. Аталған жиынға Қазақстан ұлттық студенттер спорт одағының президенті Қайрат Закирьянов арнайы қатысқан.
Бас Ассамблея барысында өңірдегі университеттік спортты дамыту, халықаралық ынтымақтастықты нығайту, сондай-ақ Орталық Азиядағы студенттік спорт жобаларын ілгерілетуге бағытталған жаңа бастамалар кеңінен сөз болды. Осы отырыста студенттер арасындағы бокстан әлем чемпионатын Қазақстанда өткізу ұсынысы да көтерілген.
Халықаралық университеттер спорты федерациясының президенті Леонц Эдер Қазақстанның ірі халықаралық жарыстарды жоғары деңгейде ұйымдастыруда мол тәжірибесі бар екенін атап өтті. Оның айтуынша, 2017 жылы елімізде өткен Бүкіләлемдік қысқы Универсиаданың табысты өтуі Қазақстанның спорттық инфрақұрылымы мен ұйымдастырушылық әлеуетінің жоғары екенін дәлелдеген.
_»Студенттер арасында өтетін бұл жарыстың болашақ Олимпиада ойындарында еліміздің бокс құрамасының кемінде бір алтын медаль жеңіп алуына септігін тигізеді. Өйткені, өздеріңіз білетіндей, өткен Париж Олимпиадасынан біз бірде-бір алтынсыз оралдық. Ал оған дейінгі Олимпиадалардың барлығында бокс біздің ел қоржынына кем дегенде бір алтын медаль салып келген еді», — деді Қайрат Закирьянов_
Айта кетейік, студенттер арасындағы бокстан әлем чемпионатын өткізу отандасымыз Геннадий Головкин басқаратын WORLD Boxing халықаралық ұйымының қолдауымен жүзеге асуы мүмкін. Бұл жарыстың мәртебесін одан әрі арттырып, әлемнің ең мықты жас спортшыларының қызығушылығын оятатыны сөзсіз.
«Бүгінде біз Геннадий Головкиннің командасымен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Сондай-ақ кеше Алматы қаласы әкімінің орынбасары мен жоғары оқу орындарының ректорларының қатысуымен кездесу өтті. Сол жиында мен осы бастаманы ортаға салдым. Алдын ала қарсылық жоқ. Яғни, бұл бастаманы қала әкімдігі, Ғылым және жоғары білім министрлігі, сондай-ақ Ұлттық Олимпиада комитеті қолдайды деп күтілуде», — деп қосты Қайрат Закирьянов_
Сонымен қатар Халықаралық университеттер спорты федерациясы 2029 жылғы Бүкіләлемдік қысқы Универсиаданы да Қазақстанда екінші мәрте өткізу мүмкіндігін қарастырып отыр. Бұл – халықаралық ұйымдардың елімізге деген сенімінің айқын көрінісі.
2017 жылы осындай Универсиада елімізде өткен болатын. FISU Атқару комитеті оны тарихтағы «ең үздік Универсиада» деп таныды. Жалпы сол Универсиаданы өткізудің оң әсері өте көп болды. Біз Олимпиада ауылын, мұз сарайларын және басқа да ірі спорт нысандарын салдық. Қазір бұл нысандарды қала тұрғындары еркін пайдаланып отыр. Ең бастысы, социологиялық зерттеулерге сәйкес, Универсиадаға дейін студенттердің небары 45 пайызы ғана спортпен айналысса, жарыстан кейін бұл көрсеткіш 75 пайызға дейін бірден өсті. Соңында айтарым, біз бұған дейін Қысқы Азия ойындарын да, Қысқы Универсиаданы да өткіздік. Енді тек Қысқы Олимпиада ойындарын өткізу ғана қалды. Ал 2029 жылғы Универсиада – осы мақсатқа жету жолындағы маңызды қадам әрі салмақты дәлел болады», — деп қорытындылады Қайрат Закирьянов.
