(Ән эссе)
Сарыала қаз,
Әнімнің сенсің сарасы,
Жанымның сенісің дауасы..!
Аңсайтұғын дүниенің кеңдігін,
Мен даланың баласы.
-Автор
2017 жылдың күзі. туған жерде жүрмін. Қоңыроба саз жайлауы, аядай көл. ел жайлаудан көшіп жатқан абыр-сабыр шақта, ауданнан шығып қайсы бір қалаға тойға барып, қайтып келе жатып Қоңыроба сазға тоқтадық. жолшыбай тоқтап өту, мен емес жат жер жолаушысының да, жергілікті жұрттың да бір ғанибет әдетіне айналған. бала күннен Қоңыроба саздағы далалық айтыстармен жарменкелердің ғажап көрінісі, көңіліме мәңгілік азықтай болған сәлелі сарын іспетті бойыма сіңген сұлулық. сол саздың жағасында қаншама ұлттық сананың жаңғыруы, далалық дархан той-думандар, дүбірлеген астар, салалы сан жүйрік бақ сынаған бәйгелер өтіп жататын. қарағай бастаудың өнер әлеміндегі баһадұр ұл-қыздарына сол жерде ат мінгізіп ұлықтау, сол елдің мызғымас мұрасы мен дәстүрі еді. Қоңыроба саздың самалымен бірге алыстарға жетіп жататын рухани әңгімелерімен өстік. Майлы мен Жайыр, Барлық тауларының ортасындағы осынау айна көл, руханяттың мөлдір көзіне айналғанына ғасырлар куә.
Туған жердің жұпарлы ауасымен тыныстап тұрған сәтімде саздың үстінен қаңқылдап ұшқан жалғыз сарала қаз көрдім. оның дауысынан жүрегім шымырлап кетті. Екеумізде туған жерді қимай жүргендейміз. Алтын бесігінен алыстаған әрбір адамның ғұмыр жолы, осы саралақаздың күзде кетіп көктемде сағына жететін ғажайып тағдырындай толқыта берды.
«Саралақаз, сағынышымды менің қанатыңа жаз » деген сөз ойыма сәлесін түсіріп тұрды. көп өтпей осындай сарала сағынышты кестелеген көңілдің көрікті әні дүниеге келді.
Гитарамен түрлі бас қосқан кездесулерде тебірене айтып жүрдім.
-«Қазақта әрбір композитордың құс туралы әні болады. Ақан серінің қараторғайы, Үкілі Ыбырайдың Қараторғайы, Естайдың Сандуғашы, Нұрғисаның құстар әні, аққу күйі секілді. осндай зор естетикалық, философялық деңгейі биік ән екен» деген саналы тыңдаушының тебіреніске толы пікірін көп естідім.
2022-жылдың күзінде қазақтың біртуар ақындарының бірі Несіпбек Айтұлы ағамызбен, ол кісінің немерелес інісі Алматыда тұратын Айқын ағам таныстырды.
Несағаңа таныстықтан соң әндерімді жібердім.
-Мынау саралақаздың сөзін кім жазған қандай ғажап ән? осынау ұланқайыр даланың кеңдігіндей, өзен көлінің мөлдіріндей, аспанының зеңгірлігіндей, тауларының асқақтығындай, көрініп тұрған қазақтың ғаламат сұлу әндерінің жалғасы осындай әндер ғана. -деді ағынан ақтарылып.
Дала сарынды көркем әндердің маәтінін бұл ғасырда жаңғыртуға бір кісідей үлес қосып, мөлдіретіп мәтін жазатын нартұлғалы Несағамның бұл сөзі мені бір көтергендей болды.
-Иә, өзімдікі ғой аға!
-Тамаша, бұл ән мәтінін тағы көркемдеу керек рухсат ба інім?
-Жарайды, көріңіз аға.
Сонымен бірер күннен соң хабарласып мәтін жіберді. Несағам өзінің бала күнінің арманшыл елесі қалған Емілдің сарала қазын сағына отырып жазыпты.
-«Саңқылдап ұшқан сарала қазым Емілді бойлап» деп. қайран жүрек туған жерін қалытқысыз сүйетіні, осындай сырлы сезіммен сарынға, сұлулыққа ғашықтықтан менмұндалап тұрады екен ғой.
Аруағың риза болсын алаштың ақыны.
Быиылғы жылы 75 жасын ел болып еске алып жатыр. Абай обылысындағы кеште бұл әннің Несағам нұсқасымен шығыстың әншілері ж
Жасұлан мен Гүлдана тамаша орындапты. бірақ әннің қайырмасындағы әуен легі қате айытқан жерлері бар екен.
Ән сүйемелін Гүлданадан сұрап алып өзімнің түп нұсқа мәтініммен өзімде бір орындап қоюды жөн көрдім.
Қазақтың халық әндерінің де, халық композиторларының да кей әндерінің екі-үш түрлі айтылу нұсқалары бары сияқты, сарала қаз әнім Несағамның сағынышымен де, өз сағынышыммен де халықтың жүрегіне жол тарта берсін!болашақта бұл әнді тағы басқа қырын ашып, орындайтын әнші табыла жатар.
Ал сарала қаздың өзіне келсек, қазақтың дүние танымында киелі құстың бірі ғой ! өзі сондай сұлуда сүйкімді жаратылыс. ол туралы ғажайып қызықты аңыздар да көп, айтылып та жазылып та жүр.
Мен өзімнің анашымның әңгімесін осы әннің өзек жарды иіріміне айналдырайын.
Нағашы атам Қожахымет ұста болған кісі екен. бір байдың қызы ұзатылар болса, соның үйінде алты ай жатып, қыздың ат-әбзелін, ер-тұрманін күмістен әшекейлеп, еңбеміне бір сиыр алып сөнімен балаларын асырапты.
Ол кез елуінші жылдардың соңы болса керек. Анам Жауһар жеті, сегіздегі ерке қыз екен. Тарбағатайдың Толы ауданына қарасты Долаты-сүйек деген қыстаулықта отырғанда күзде нағашы атама тұзақ жасатып, Кекілік ұстамақшы болады. Тұзақты құрып қойып бір айналып келсе тұзағына сарала қаз түсіпті. оны жанындай жақсы көрген анам, аялап мәпелеп бағып жүріпті. бұл жарық дүниедегі балалық шағының жан досы сол болып, ұйықтағанда қасына әкеліп қоймаса ұйықтамай қояды екен.
Күндер өтіп қыста келеді. бір күні тәңертең тұрса түнде қалың қар жауыпты. ақ қардың келуімен сарыалақаз дүние салыпты. Саралақаз сыңарынан жалғыз қалғасын оған өмірдің мәніде қалмағандай…
Анашым, бала күніңіздегі сарала қазыңыз ұлыңыздың әні болып қайта өмірге келді. бұлда бір біз сырына оңай бойлай бермейтін ұлы тағдыр әлемінің бір құпия сәлесі ме деймін! Алланың Жаратылыстарының өмір сүруінде табиғатпен белгіленген өз үйлесімділігі бар. одан сәл тайқыса ешқандай дұрыс тіршілік көрмейтін көрінеді. бірақ адам баласы тайқыпта, айтпайтынды айтыпта, бармайтынға барыпта, қайтпайтыннан қайтыпта өмір сүріп жүргенін көресің…
Қамшының сабындай қысқа ғұмыр кешіп, барса келмеске кеткен бақилық адамдарда қайта оралмаған сарыала қазға ұқсайтынын қалай жасырамыз…
Бала күннен құлағыма сіңген аңыздар бар, сағыныш бар, махаббат бар көкірегімде көктеген, көптеген көрікті ойлардан туған ән еді бұл саралақаз…
Бір өмір сүріп жатқан жасыл шардың бетінде, дүние құшағында қаншама көркем құбылыстар бар. Тек соны көретін көкірек көзі аман болсын!
биылғы жылдың қортындысын осы әніммен жабайын. бәріне шүкіршілік. келер жылды жаратқан ием жақсылығымен, ойламаған қуаныштарымен берсін! елімнің еңсесі, халқымның қабағы түспесін деп тілеймін!
ән ұнаса саралақаз екемізді қолдай жүріңіз !
Жақсыбек Қалелбекұлы
2025.12.29
Сарыала қаз
Сөзі,Әні: Жақсыбек Қалелбек
Әуелеп ұшқан, ей Сарыала қаз, ей Сарыала қаз,
Туған жерде жүргенде екеумізде мәз.
Саңқылдап самғап, әнге саласың қайда барасың?,
Алтын-бесік ұямыз Қоңыроба саз!
Ей, Сарыала қаз
Қайырмасы:
А хоооуууу,
Ей, Сарыала қаз, ей Сарыала қаз,
Сені көріп төгілді көңілімнен саз!
Қош, есен бол келгенше қайта жаңа жаз,
Ей,Сарыала қаз
Сенен басқа кімгеайтар, бұл жүрегім наз?
Сағынышымды менің қанатыңа жаз!
Ей,Сарыала қаз
Әуелеп ұшқан, ей Сарыала қаз, ей Сарыала қаз,
Ешкім біздей сүйе алмас даланы маңғаз!
Тағдырдың желі ұшырды мені, ұшырды сені,
Жанарымда жылайды жастық дәурен-жаз?
Ей, Сарыала қаз!
