SunqarNews ақпараттық порталы
Жаңалықтар

«АЛТЫБАҚАН» – ҰЛТТЫҚ ӨНЕРДІҢ ҮНІ, ДӘСТҮРДІҢ ЖАНДЫ КӨРІНІСІ

Ұлттың рухани болмысы оның ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрі, әні мен күйі, әдет-ғұрпы арқылы танылады. Халықтың тарихи жадын сақтап, ұрпақтар сабақтастығын жалғастыратын осынау асыл мұралар – ұлттықмәдениеттің сарқылмас қазынасы. Оны жас ұрпақтың бойына сіңіру, әлемге таныту және заман талабына сай жаңғырту – білім беру жүйесінің де маңызды міндеттерінің бірі.

Осы мақсаттағы тағылымды шаралардың бірі ретінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетініңhttps://farabi.university Жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультетінің тыңдаушылары «Алтыбақан» атты дәстүрлі ойын-сауық ән кешін тамашалады. Университет басшылығының қолдауымен қара шаңырақта білім алып жатқан шетелдік тыңдаушыларға тегін билеттер ұсынылып, олардың қазақ халқының ұлттық өнері мен мәдени мұрасымен жақынырақ танысуына мүмкіндік жасалды.

Мәдени-танымдық шара әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да https://farabi.university жүзеге асырылып келе жатқан Тұрақты даму мақсаттарының 4-мақсат – «Сапалы білім», 11-мақсат – «Тұрақты қалалар мен елді мекендер» аясындағы тарихи және мәдени мұраны сақтау, қорғау, дәріптеу бағыттарымен үндеседі. Университеттің Жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультетінде ұлттық құндылықтарды насихаттау, мәдениетаралық байланысты нығайту, білім алушылардың рухани-танымдық көкжиегін кеңейтумақсатында осындай тәрбиелік мәні зор іс-шаралар жүйелі түрде ұйымдастырылып келеді.

Бұл жолғы мәдени шараның мазмұны қазақ әдебиеті пәнінің «Ауыз әдебиеті» бөлімі аясында өтіліп жатқан «Тұрмыс-салт жырлары» тақырыбымен сабақтастырылды. Дәрісханада теориялық тұрғыда танысқан әдеби мұралар сахнтөрінде жанданып, тыңдаушыларға ұлттық өнерді көзбен көріп, жүрекпен сезінуге мүмкіндік берді. Осылайша, әдебиет пәні мен театр өнерінің сабақтастығы негізінде білім мен тәрбиені, таным мен тағылымды ұштастырған ерекше мәдени кездесу өтті. «Алтыбақан» – қазақ халқының дәстүрлі ойын-сауығын, әні мен күйін, ұлттық биі мен жарасымды әзіл-қалжыңын бір арнаға тоғыстырған ерекше мәдени құбылыс. Кезінде қазақ ауылы жастарының басын қосып, ән мен жырдың, өнер мен әзілдің думанды ордасына айналған алтыбақан кештері халқымыздың тұрмыс-тіршілігін, дүниетанымын, эстетикалық талғамы мен өзара сыйластық мәдениетін танытады.

Кеш барысында қазақ өнерінің сан алуан жанры көрініс тауып, ұлттық музыканың бай мұрасы көрермен назарынаұсынылды. Үкілі Ыбырайдың сырлы сазынан Абайдың терең мағыналы әндеріне дейінгі музыкалық туындылар орындалып, қазақ ән өнерінің көркемдік қуаты паш етілді. Дәстүрлі ән орындаушылар Арқа мен Жетісу әншілік мектептерінің өзіндік мақамдарын жеткізіп, әр өңірдің музыкалық болмысы мен орындаушылық ерекшелігін айшықтады. Қазақтың сөз өнеріндегі шоқтығы биік жанр – айтыс та кештің мазмұнын байыта түсті. Суырыпсалмалық өнер арқылы халқымыздың тапқырлығы, шешендігі мен терең ойлау қабілеті көрініс тапты. Ұлттық билер мен күй өнерінің өзара жарасым тапқан көріністері көрермен көңіліне ерекше әсер қалдырды. Әсіресе, күй жарысы арқылы домбыраның қоңыр үні мен ұлттық музыканың терең тынысы сезіліп, қазақөнерінің қайталанбас табиғаты таныла түсті. Сахналық қойылымдарда халқымыздың тұрмыс-салтымен біте қайнасқан дәстүрлер көркем бейнеленді. Кітаптан оқып, дәрістен тыңдаған дүниелердің сахнада жанды көрініске айналуы білім алушылардың пәнге деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, теориялық білімдерін тәжірибемен ұштастыруға жол ашты.

Іс-шараның айрықша маңызы – шетелдік тыңдаушылар үшін қазақ халқының рухани әлеміне жақындай түсудің өзіндік мүмкіндігі болғандығында. Әлемнің әртүрлі елінен келіп, Қазақстанда білім алып жатқан жастар үшін ұлттық өнерді тікелей тамашалау – қазақ халқының тарихын, дүниетанымын, мәдениеті мен өнегелік қасиеттерін танудың әсерлі жолы.

«Алтыбақан» кеші әдебиет пен өнердің, дәстүр мен тәрбиенің, ұлттық болмыс пен халықаралық мәдени байланыстың өзара сабақтастығын айқын көрсетті. Қара шаңырақ ҚазҰУ https://farabi.university қабырғасында білім алып жатқан студенттері мен шетелдік тыңдаушылар үшін бұл кеш қазақ мәдениетінің бай әлеміне жасаған тағылымды саяхат болды.

Ұлттық мұраны ұлықтау – өткенді еске алу ғана емес, оны бүгінгі ұрпақтың рухани қажетіне жаратып, келешекке аманаттау. Ән мен күйге, дәстүр мен тағылымға толы «Алтыбақан» кешінің басты құндылығы да осында. Өйткені ұлттық мәдениеттің өміршеңдігі – оның ұрпақ жүрегінде сақталып, өзге жұртқа да таныла білуінде. Ал білім мен өнерді ұштастырған осындай игі бастамалар қазақ руханиятының өрісін кеңейтіп, ұлттық құндылықтарымызды әлемге танытудың маңызды тетігі болып қала бермек.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУhttps://farabi.university
ЖОО-ға дейінгі білім беру факультетінің

оқытушылары:  Г.М. Мужигова, С.Р. Нуртилеуова, М.Н. Ибрагимова

Sunqarnews.com

Ұқсас жаңалықтар

Алматыдан 508 км солтүстік-шығыста жер сілкінісі болды

admin_sunqar

“Тәуелділік мінез-құлқының алдын алу” жобасы аясында дөңгелек үстел өтті

Redaktor SunqarNews

3 жасар қызды жүргізушісі қайғылы оқиғадан бұрын «кемінде 20 жол кокаин қолданған» фургон қақты.

admin_sunqar