SunqarNews ақпараттық порталы
Жаңалықтар

100 күнде 100 өлең: мектеп директоры автокөлік иеленді

 

Алматыда қазақ поэзиясын насихаттауға бағытталған VI республикалық «100 ӨЛЕҢ» көркемсөз оқу байқауының жеңімпаздары анықталды. Биылғы додаға еліміздің әр өңірінен 3000-нан астам адам қатысып, олардың арасынан 35 өнерпаз финалдық кезеңге өтті.

Бас жүлде мен автокөлікті Астана қаласы әкімдігінің №107 жалпы орта білім беретін мектебінің директоры, педагог-шебер, Ыбырай Алтынсарин төсбелгісінің иегері Айгүл Базарбайқызы жеңіп алды. Жеңімпаздың ерекшелігі — байқауға дейін жүргізуші куәлігі болмаған. Осылайша, ол байқаудан тек үлкен марапатпен ғана емес, күтпеген «сыйлықпен» де оралды.

Айгүл Базарбайқызы 100 күн ішінде қазақ ақындарының ұйымдастырушылар бекіткен 100 өлеңін жаттап, финалдық кезеңде оларды көркемсөз оқу шеберлігімен орындады.

«100 ӨЛЕҢ» жобасының басты ерекшелігі — қатысушыларға жасына, мамандығына немесе атқаратын қызметіне байланысты шектеу қойылмайды. Байқаудың негізгі шарты — 100 күн ішінде 100 өлеңді жатқа білу. Бұл талап әр қатысушыдан есте сақтау қабілетімен қатар, тұрақты дайындық пен поэзияға деген қызығушылықты талап етеді.

Биылғы финалда қазақ поэзиясын түрлі сала өкілдері дәріптеді. Олардың қатарында физиктер мен математиктер, географтар мен металлургтер, ақындар мен филологтар, айтыскерлер, мұғалімдер, студенттер және мектеп оқушылары болды.

Байқауда II орынға 10 жасар Сейтқазы Раяна Нұржанқызы лайық деп танылды. Ең жас қатысушы өзінің көркемсөз оқу шеберлігімен көпшіліктің ықыласына бөленді.

Ал III орын Астана қаласының өкілдері Тілеужан Ерғанатұлы мен Айдос Бектұрсынға бұйырды.

Алтыншы рет өткізілген «100 ӨЛЕҢ» байқауы бүгінде қазақ поэзиясын көпшілікке кеңінен танытып, өлең жаттау мәдениетін қалыптастыратын маңызды әдеби жобаға айналып келеді. Жоба арқылы әр жастағы және әртүрлі мамандық иелері қазақ ақындарының шығармаларын жаттап қана қоймай, ұлттық сөз өнерінің құндылығын тереңірек тануға мүмкіндік алады.

Sunqarnews.com

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстанда тыйым салынған діни кітаптар тізімі жасала ма?

admin_sunqar

«Zankomek» сайты көмек көрсетуге әзір

Redaktor SunqarNews

ҰҚК қызметкерінің қазасы бойынша қылмыстық іс ашылды

admin_sunqar