Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасының қолдауымен бас бостандығынан айыру орындарынан шыққан адамдарды әлеуметтік бейімдеуге арналған жоба биыл да жалғасын тапты. «Socil project management» орталығының мамандары іске асырып жатқан жоба аясында бірқатар жұмыстар атқарылды. Атап айтқанда түрмеден шыққан адамдар және олардың туыстары үшін жедел желі нөмірі іске қосылып, заңгерлер құқықтық көмек көрсетті.
Бүгінде аяқ-қолы сау, тепсе темір үзетін азаматтар екі қолға бір күрек таппай жүргенде кезінде істі болып, қылмысын өтеп келгендер үшін жұмыс көзін табу, қоғаммен араласу өте қиын. Себебі, темір тордың ар жағындағы ереже, тәртіп бөлек. Қоғамнан жырақтап, қатаң тәртіп күйіне үйренген жандарды қалыпты өмірге бейімдеу өмір талабы.
Түрмеден шыққан адамдарға құқықтық көмек көрсетуші заңгер Мұхамеджан Әбдібековтың айтуынша қазір көп адамдар бас бостандығынан айыру мен шектеудің ара-жігін айыра алмайды екен. «Бас бостандығынан айыру — өлім жазасынан кейінгі ең қатал жаза. Ондайда адам түрмеге қамалып, қоғамнан оқшауланады. Бұл жаза ауыр қылмыс үшін беріледі. Қылмыстық кодекс бойынша адам бас бостандығынан алты айдан 15 жылға дейін айырылуы мүмкін. Аса ауыр қылмыс үшін азамат 20 жылдан өмір бойына дейін түрмеге қамалады. Абайсызда істеген қылмысы үшін қылмыскердің түрмеге отыруы 10 жылдан аспауы керек. Бас бостандығын шектеу — жеңіл жаза түрі. Адам жазасын үйде өтейді. Оған қала/ауданнан шығуға тыйым салынады не тек белгілі бір уақытта шыға алады. Егер шектеу адамның жұмысына байланысты болса, сот сонда жұмыс істеуге тыйым салуы мүмкін. Мысалы, шенеунік жемқорлық жасағаны үшін сотталды делік. Жазасы бітсе де, ол енді мемлекеттік қызметкер бола алмайды. Қылмыстық кодекске сай бас бостандығын шектеу мерзімі — алты айдан жеті жылға дейін» дейді ол.
Заң аясында жазаланып, түрме көрген адамдардың белсенділігі төмен болып келетіні белгілі. Құқықтық шектеуге көп ұшырағандықтан, олардың көбі енжар болып қалған. Тіпті жеке куәліктері жоқ болса да, халыққа қызмет көрсету орталықтарына барып, өтініш жазуға ерінеді. Оларға құқытық көмек көрсету мақсатында екі мекемемен – Алматы қаласы Қылмыстық-атқару жүйесі департаментімен және Алматы қаласы Полиция департаментімен байланыс орнатылды.
Жоба аясында жедел желі арқылы 300-ден астам адамға ақыл-кеңес беріліп, 40-тан астам құқықтық, заңгерлік көмектер көрсетілді.