Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасының қолдауымен “Азаматтық борыш” жобасы аясында жастар арасында сурет салудан байқау өтті. Байқау Орал Таңсықбаев атындағы сәндік-қолданбалы өнер колледжіндегі студенттер арасында «Азаматтық борыш» тақырыбында өткізілді. Іс-шараның басты мақсаты жастардың бойындағы шығармашылық еркіндік пен патриоттық сезімді қалыптастыруға бағытталған. Қатысушылар тақырыпқа сай суретке өз қиялындағы бейнелерді, көріністерді ерекше тәсілмен жеткізу жарыстың негізгі қағидаларының бірі еді. Студенттердің ынтасын ашу мақсатында көптеген бағалы сыйлықтар мен алғыс хаттар тағайындалды. Қызығушылардың саны көп болғандықтан жарыс 2 күнге созылды. Бірінші байқау күні студенттердің жұмыстары бағаланып келесі кезеңге жоғары бағаланған суреттер іріктеліп өтті. Екінші байқау күні берілген тақырыпқа жаңадан суреттер салынды. Жарыстың әділ болуына колледждің білікті мамандары төрешілік етіп, жеңімпаздарды комиссия мүшелері марапаттады.
Сурет салу — бұл өзін-өзі ашудың, ішкі әлемді еркін білдірудің құралы. Шығармашылық қабілет өзінен-өзі оянбайды, ол тәрбие мен білім берудің әсерінен дамиды. Колледждегі бейнелеу сабақтары – студенттердің жан-жақты дамуына ықпал ететін тиімді құралдардың бірі. Сол себепті осы оқу орнында байқаудың өтуі жақсы шешімдердің бірі. Суретшілер үшін «Азаматтық борыш» тақырыбында салынған жұмыстар сұрапыл соғыстың тарихымен қарым-қатынас жасау тәсілдерінің бірі болып табылады. Тақырыпқа терең үңіліп салынған студенттердің тарихын білу арқылы өзінің шығармашылығынан ләззат ала отырып, бейбітшілік заманның қалай келгенін терең ұғынады. Сурет салуда бір құпия бар сияқты, себебі байқау барысында әр студенттің қиялындағы еркіндік, ойындағы көрегенділік қағазға түскен кезде ғаламат көріністерге куә болдық. Жалпы «Азаматтық борыш» тақырыбы әр адамға әртүрлі сипат әкеледі. Сол себепті туындылардың ішінен жеңімпазды анықтау төрешілерге қиын болғаны анық. Байқау жоғары деңгейде өтті. Жеңімпаздарға сурет салуға керекті бағалы сыйлықтар мен алғыс хаттар берілді. Бұл іс-шара жастарды өнерге баулуға, туған елге, жерге деген патриоттық сезімді арттыруға және келешек ұрпақтың шығармашылық қабілетін дамуына септігін тигізгеніне нақты сенім бар.