SunqarNews ақпараттық порталы
Жаңалықтар

АҚСУАТТА ҰЛТТЫҚ РУХ ҰЛЫҚТАЛДЫ

Абай облысының Ақсуат ауданында 5–7 маусым аралығында өткен «Асыл бесік – Ақсуат» спорт және өнер фестивалі биыл да ел назарын өзіне аударған тағылымды жобалардың біріне айналды. Ұлттық спорт, өнер, білім мен руханиятты бір арнаға тоғыстырған ауқымды шара үш күн бойы Ақсуат өңірін думанға бөлеп, елдің түкпір-түкпірінен келген жұртшылықты ортақ құндылықтар төңірегіне топтастырды. Бас демеуші ASSYLTAS қоғамдық қоры

«Туған жерге туыңды тік» деген тағылымды ұстанымды темірқазық еткен фестивальдің авторы әрі бастамашысы – белгілі кәсіпкер, меценат, ASSYLTAS қоғамдық қорының негізін қалаушы, Ақсуаттың перзенті Дулат Тұрсынұлы Тастекей. Оның туған жерге деген жанашырлығы мен азаматтық ұстанымынан туған бұл жоба бүгінде елдік мұратқа қызмет ететін, ұлттық рухты ұлықтайтын ірі қоғамдық бастамаға айналды.

Фестивальдің негізі 2019 жылы қаланды. Алғашында «Тұғыры биік Тарбағатай» атауымен басталған игі іс уақыт өте келе мазмұндық және ұйымдастырушылық тұрғыдан жаңа деңгейге көтеріліп, «Асыл бесік – Ақсуат» фестивалі ретінде жалғасын тапты. Бүгінде бұл жоба туған жерді түлетудің, ұлттық құндылықтарды дәріптеудің және жас ұрпаққа өнеге көрсетудің жарқын үлгісі ретінде танылып отыр.

Биылғы фестиваль бағдарламасы мазмұны мен ауқымы жағынан бұрынғыдан да бай болды. Үш күн бойы Ақсуат төрінде ұлттық спорттың дүбірі мен өнердің өрнегі, руханияттың сәулесі мен білімнің құндылығы қатар көрініс тапты.

Фестиваль аясында алғаш рет тоғызқұмалақтан республикалық турнир ұйымдастырылды. Қазақ халқының зияткерлік мұрасына айналған ұлттық ойыннан өткен жарысқа еліміздің әр өңірінен халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері, спорт шеберлері және жас дарындар қатысты. Ақыл мен парасат сынға түскен дода тоғызқұмалақтың өміршеңдігін тағы бір мәрте дәлелдеп, ұлттық зияткерлік спорттың көкжиегін кеңейте түсті.

Фестивальдің басты спорттық оқиғаларының бірі қазақ күресінен өткен «ASSYL ARLAN – 2026» республикалық турнирі болды. Ақсуат төріне әлем чемпиондары, Азия чемпиондары, Қазақстан чемпиондары, «Қазақстан Барысы» және «Әлем Барысы» турнирлерінің жеңімпаздары мен жүлдегерлері жиналып, көрермендерге жоғары деңгейдегі тартысты белдесулер сыйлады. Соңғы жылдары қазақ күресінің беделді додаларының біріне айналған бұл турнир ұлттық спорттың әлеуетін айқын көрсетті.

Ұлттық ат спорты түрлерінен өткен «ASSYL TULPAR» жобасы аясындағы бәйге мен аударыспақ жарыстары да фестивальдің шырайын кіргізді. Даланың дарқан рухын, қазақтың жылқы мәдениетін айшықтаған жарыстарда еліміздің әр өңірінен келген шабандоздар мен сәйгүліктер бақ сынады. Ұлттық спорттың көрігін қыздырған бұл бәсекелер көрермендердің ерекше ықыласына ие болды.

Фестивальдің маңызды бағыттарының бірі – білім мен руханият. Өткен жылы Дулат Тастекейдің бастамасымен өңір жастарына 14 мың дана кітап таратылып, кітап оқуды насихаттауға бағытталған ауқымды акция жүзеге асырылған болатын. Сол бастаманың заңды жалғасы ретінде биыл «Артық білім – кітапта» облыстық кітап оқу байқауы өткізілді. Жүздеген оқушы қатысқан білім бәйгесі жастардың кітапқа деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, білімді ұлт қалыптастыру жолындағы маңызды қадамдардың біріне айналды. Байқау жеңімпазына автокөлік табысталуы білім мен парасатқа көрсетілген айрықша құрмет ретінде бағаланды.

Жалпы фестиваль аясындағы негізгі жобалардың жеңімпаздарына автокөліктердің табысталуы ұлттық спортты, білім мен өнерді қолдаудың нақты көрінісі болды. Бұл бастама жастарды үлкен мақсаттарға ұмтылуға жігерлендіріп, қоғамдағы еңбек пен таланттың бағалануы тиіс екенін көрсетті.

Фестиваль бағдарламасында рухани мазмұндағы шаралар да кеңінен қамтылды. Қасиетті Ырғызбай ата кесенесіне зиярат жасалып, бабалар рухына тағзым етілді. Шығармашылық кештер, театрландырылған қойылымдар ұйымдастырылып, фестиваль гала-концертпен түйінделді. Елге танымал өнер майталмандары қатысқан мәдени кештер ұлттық өнердің қадір-қасиетін айшықтай түсті.

Бүгінде «Асыл бесік – Ақсуат» фестивалі қарапайым мәдени шара немесе спорттық жарыстар топтамасы ғана емес. Ол – туған жерге тағзым етудің, ұлттық болмысты сақтаудың, ұрпақтар сабақтастығын нығайтудың және елдік сананы қалыптастырудың үздік үлгісіне айналған бірегей жоба.

Ақсуатта өткен үш күндік мереке ұлттық рухтың мәңгілік құндылық екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Ұлттық спорттың дүбірі, өнердің өрісі, кітаптың қадірі мен руханияттың тағылымы тоғысқан фестиваль туған жерге қызмет етудің жарқын үлгісін көрсетті. Бұл – өткенді ұлықтап қана қоймай, болашаққа бағыт сілтейтін, елдік мұрат пен ұлттық мүддені сабақтастырған тағылымды бастама.

Sunqarnews.com

Ұқсас жаңалықтар

Сарапшы Шымкенттегі қылмыс өсуінің себептерін түсіндірді

admin_sunqar

Сауда күні: Трамп Пауэллді сынға алды

admin_sunqar

RSW терминалын кеңейту жобасы жолаушылардың терминалдарға қолжетімділігіне әсер етеді.

admin_sunqar