SunqarNews ақпараттық порталы
Жаңалықтар

Ата діннен адаспайық

Бабаларымыз аттың жалы, түйенің қомында жүріп, мал соңынан еріп күнелтсе де ибасы мен иманын ұмытпаған. Ата-бабасынан бері аманаттай болған асыл діні «Ислам»  екенін әсте ұмытпай,  «Алла бір, пайғамбар хақ»  деп өмір сүрген көшпелі жұрт екеніміз тарихтан мәлім. Халқымыз Құдай мен Әруақ ұғымын қастерлеп, кие тұтқан. Оған дәлел «өлі разы болмай тірі байымайды» деп әруақты сыйлап, құрбан шалып, құран бағыштап, еске алып отырған. Әсіресе бейіт басын таза ұстап, бей әдеп сөз сөйлемей лажы болса игі сөздер айтуға тырысқан. Ақ жаулықты аналар, ақсақалды аталар бұл үрдісті ұрпаққа мұра етті. Төрінде құраны ілініп, аяғында жайнамазы жаюулы жататынды. Міне бұл- бірегейлік.

Сонау Арыстан баб, Ахмет Яссауи, Марал Ишан, Бекет ата, Қараман ата, Ырғызбай ата сынды бабтар мен әулиелер ұлтына айбар, асыл дініміздің айшықты келбеті болып саналды. Сөйтіп халқымыз әруақ ұғымына баса назар аударған. Сол себептен «Арыстан бабқа түне, Қожахметтен тіле» деген сөз өсиет болып қалған. Бәріміз оқып өскен «Батырлар жырында»  оқиға міндетті түрде төрт түлігі сай байдың бір балаға зар болуымен басталып, ары қарай әйелі екеуінің Баба Түкті Шашты Әзіздің немесе тағы сол сияқты әулиелердің басына түнеп, бала тілеуімен басталады. Ақыры түстеріне әулие кіріп,  жаратушы иеміз тарапынан бір ұл, бір қыз нәсіп еткенін айтады. Міне бұл киелі әруақ, әулие ұғымының қастерлі екенін білдіреді. Алла Тағала бекерден бекен «әулиелерге тіл тигізбеңдер» деп ескертпеген ғой. Қазір ше?  Әулие-әмбие, әруақтарды жоққа шығару, сенбеу, қастерлемеу, сакралды нысандар мен зират, кесенелерді құрметтемеу белең алып барады. Бұл әсіре діншілдер мен жат діни ағымдардың әсерінен жүргізіліп отырған саясат екені көзі қарақты оқырманға мәлім. Олардың басты мақсаты халықтың салт-дәстүр, әдет-ғұрпына, тұлғаларына шабуыл жасау арқылы ұлттың болмысын, тарихын жою. Сөйтіп бүтін бір ұлтты аздыру, қараңғылық пен түнекте ұстау басты мақсаты. Осындай да тағы бір мысал келтірейік, жазушы І. Есенберлиннің «Жанталас»  романында хан Абылайға Ауғанстан ханы Ахмет бірігіп ғазауат майданына шығайық дегенде, ұсынысын қабылдамай қойды емес пе?  Неліктен?  Себебі діни алауыздық басым Ауғанстан ханы 70-мың әскерімен Түркістанға келетін болса, тұрымтайдай халқымызды жойып, өздері тәрізді әсіре діншіл, фанатик етіп жіберуші еді. Дипломат Абылай осыны аңғарып, Ахмет ханмен бірікпей, дара жүрді. Сөйтіп ұлтымызды сақтап қалды. Әйтпесе бізде Ауғанстан тәрізді түнекте отырар ма едік?!  Құдай сақтады дейік.

Жастардың уыз санасы жалаң сөзге тез елітіп, әсіресе әлеуметтік желідегі теріс пиғылдағы уағызшылардың сөзіне еріп кететіні жиі байқаймыз. Өз тарихын білмейтін жас өркен, халифаттардың тарихын жөнді жөнсіз соғып, тұлғаларын айтып көпіріп отырады. Осындай да хакім Абай «ғылымсыз тұтқан ораза, ғылымсыз оқыған  намаз, ғылымсыз барған хаж, ғылымсыз берген зекет ғибадат орнына жүрмейді» деген. Яғни ғылым мен білімсіз жасалған кез-келген ғибадат орынсыз әрі қауіпті. Ал  жастардың біршама тобы көп қадамға ғылымсыз барады.

Ғылымы шолақ, ойы олақ жастар теріс қимыл жасап, әсіре діншіл, фанатиктердің тобына ілесіп, ұлтына қатер төндіруі мүмкін.

Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы:

«Діні барда ұлты жоқ,

Сақалы барда мұрты жоқ,

Теке сақал, қырма мұрт,

Ел түбіне сол жетер»  деп халқын сақтандырып кетсе керек. Ұлтымыз ұлы болып, тарих сахнасында құлашын кеңге жаю үшін бабадан қалған  асыл қасиеттерді бойына сіңіріп, адасуға бейім болмай, темірқазыққа қарап жол табуымыз тиіс. Біздің темірқазығымыз- Абай. Шәкәрім қажы «асыл сөзді іздесең Абайды оқы ерінбе» деген екен.

 

(материал Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасымен ұйымдастырылған байқауға қатысу мақсатында дайындалған»)

                Сейсенбаев Санжар Берікұлы

Sunqarnews.com

Ұқсас жаңалықтар

Дулат Тастекей: Тыраштанған той қарызға батырса, қажеті қанша?

Redaktor SunqarNews

«Заң кеңесі» жобасы аясындағы көшпелі мобильдік қызмет

Redaktor SunqarNews

Арнайы «кеңес беру қызметі» құрылды

Redaktor SunqarNews

Пікір жазу