Науаи облысы, Үшқұдық ауданына қарасты Мыңбұлақ ауылындағы мектепте Абайдың шығармашылығына арналған танымдық шара өтті. Шара аясында оқушылар қазақ ақынының өмір жолымен танысып, оның шығармаларын насихаттады. Бұл туралы SunqarNews.com ақпарат агенттігі хабарлады.
Облыстық мәдени орталық басшысы Серіжан Жанахметовтың айтуынша, Абайдың ілімі мен даналық сөздері қазақтың ғана емес, бүкіл түркі дүниесінің рухани байлығы саналады және Өзбекстан халқы оны терең құрметтейді.
Осындай жиындардың бірі «Абай – дана, Абай – дара» жыр бәйгесімен жалғасты. Сайысқа Үшқұдықтағы бес мектептің оқушылары қатысты. Мыңбұлақтағы №11 мектептің директоры Ерлан Қонарбаев шараның Абай мұрасын ұрпаққа жеткізуге және ұлттық рухта тәрбиелеуге арналғанын айтты.
Сонымен бірге «Бала дауысы» ән-байқауы өткізіліп, Абайдың әндері шырқалды. Шара аясында аудандық футбол жарысы да ұйымдастырылып, мектеп командалары арасында үздіктер анықталды.
Өзбекстан мектептерінде Абайдың шығармалары өзбек тіліне аударылып, оқу бағдарламасына қосылған, бұл жас ұрпаққа қос халықтың ортақ рухани қазынасын терең үйренуге мүмкіндік беруде. Бұған дейін Өзбекстанда Ұлы Абайдың 180 жылдығы кең көлемде аталып өтетіні хабарланған болатын.
