Ел болу жолында еңсемізді тіктей алмай есеңгіреп қалған күніміз аз болмады. Өткен күннің жақсысын асырып, жаманын жасырып өктемдеу – тарихқа жасалған қиянат. Халық өзінің өткен тарихын бар қайғы-қасіретімен, қуаныш-сүйінішімен, жеңіс-жеңілісімен бірдей қабылдауы шарт. Себебі, ол – тұтас құбылыс. Ел тарихында осындай елеулі орын алған қасіретке толы Желтоқсан оқиғасы бар… Биыл Тәуелсіздігімізбен тікелей байланысты Желтоқсан оқиғасына 38 жыл. Бір адамның ғұмырындай уақыт өтсе де бәрі кеше ғана болғандай халық жадынан өше қоймады. Біз оны Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасының қолдауымен «Қаһарман ұлт» жобасы аясында өткен «Желтоқсан-ұлт тарихының мақтанышы» атты конференцияда жиналған желтоқсаншылардың жанарынан байқадық. Толығырақ тоқталсақ, Желтоқсан айының тоғызыншы жұлдызында Алматы қаласында Smart. Point. Almaty ғимаратында желтоқсаншылар мен қоғам қайраткерлерінің басын қосқан көлемді конференция өтті. Конференцияға тарих ғылымдарының докторы, профессор – Хангелді Әбжанов бастаған тарихшылар, және публицист, тарих ғылымдарының кандидаты, қоғам қайраткері – Бейбіт Қойшыбаев, сонымен қатар «Ғасыр тарихы – Желтоқсан 1986» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Несіпкүл Шөкеймен, «Желтоқсан қоғамы»қоғамдық бірлестігінің төраға орынбасары Тастекеев Жүрсін бастаған желтоқсаншылар қатысты. Конференция «Желтоқсан тарихы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Сұлтанов Дәлелхан Қыдырмоллаұлын бір минут үнсіздікпен еске алудан басталды. Өткен күннің елесін есінен шығармаған желтоқсаншылар көзіне жас алып, көңілдері босады. Жүзге жуық қала жастары қатысқан конференция кофе-брейкпен жалғасын тапты.
Ақын М.Шаханов «Желтоқсан көтерілісі – ғасырлар бойы жиналған ашу-ыза жарылысы. Яғни, біздің халқымыздың тіл мүддесі, рух мүддесі – осының бәрінің қосындысы ашу-ыза тудырғаны шындық. Қазақ халқы орыстардың қол астында бола отырып, азаттық пен тәуелсіздікті аңсау кезінде әр түрлі деңгейдегі үш жүзден астам ұлт-азаттық көтерілісін өткізді. Соның қорытындылаушысы, егемендікке бастағаны – Желтоқсан көтерілісі» деп атап көрсеткен болатын-ды. Демек, Желтоқсан оқиғасы – елді, бүкіл Кеңестер одағын елең еткізген айтулы оқиға, Қазақ тарихында мәңгі қалатын, өзіндік орны бар көтеріліс. Сондықтан елдің әрбір азаматы 16 желтоқсанның қасіретті күн екенін жадында ұстап, әрі Тәуелсіздікке қол жеткізу жолындағы талпыныстардың ақталған күні екендігін сезінуі шарт.