Бөрілі байрағын желбіреткен ата-бабаларымыз сан ғасырлар бойы сайын дала төсін еркін жайлаған ел болатын. Жан-жақтан анталаған дұшпан біздің ұлан байтақ жерімізге көз тіге қарағаны да рас. Азаттық жолындағы күрес қазақ баласының басын бір тудың астына біріктірді. Түбі бір түркі баласының көксегені – тәуелсіздік еді. Желтоқсан құрбандары ата-баба жолын жалғастырушы, тәуелсіздік жолындағы күрескерлер десек қателеспейміз. Жалған айып тағылған, «Бүлікші» деген жаламен қоғамның қаншама белсенді жастары қуғынға ұшырап, тағдыр тауқыметін тартты.
1986 жылғы желтоқсан оқиғасына белсене қатысқан жастар арасында Қайрат Рысқұлбеков те болды. Қайраттың туыстарына жазған «Бақ түссе – маңдайымнан, тас түссе талайымнан», көріп алдым, маған өлім қорқынышты емес, өйткені адалдығым одан биік тұр» деген хат жолдары сот алдындағы зұлымдыққа қарсы тұра білген өр мінезді қазақ жасының батырлық бейнесін айқын көрсетеді. Қайрат «…Жаным – арымның садағасы» деп батыл қадам жасаған жастардың бірі еді. Осы орайда, Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасының қолдауымен және «Social project management» орталығы қоғамдық қоры студенттер арасында қол күрестен «Халық қаһарманы» Қайрат Рысқұлбеков атты жарыс өткізді. Турнир Алматы қаржы-экономикалық колледжінде ұйымдастырылды. Кей спорт түрлерімен салыстыра қарағанда қол күресі әділ өтетін жарыстар санатына жатады. Білек пен жүректің, ақыл мен айла, күш-жігер сыналған сәтте мықтының мықтысы ғана жеңіске жетеді. Аталмыш жарыста 32 студент күш сынасып, үздік үштікті анықтады. 1-ші орынды Оразхан Әбілмансұр иемденіп, теледидарды қанжығасына байлады. 2-ші орын жүлдесі шаңсорғышты Алтай Нариман жеңіп алса, қола жүлдеге тұрақтаған Құдайберген Әділет дыбыс бағанасын өз қоржынына салды. Марапаттау рәсіміне Алматы қаржы-экономикалық колледжінің директоры Алимова Қарлығаш Ұлановна қатысып, жеңімпаздарға сыйлықтарды өз қолымен табыстады.