SunqarNews ақпараттық порталы
Жаңалықтар

МЕМЛЕКЕТТІК ТАПСЫРЫСТЫҢ КӨЛЕҢКЕЛІ ТҰСТАРЫМЕН КҮРЕС

Ағымдағы жыл мемлекеттің тапсырысымен үйірме жүргізіп отырған кәсіпкерлердің өзімшіл пиғылдарын ашындырды. Ең алдымен мемлекеттік тапсырыс деген ұғымды оқырманға түсіндіріп өтейін.

Артспорт, Дамубала деген атаулармен халық арасында танылған бағдарламаны естігендеріңіз аз емес. Нақтылайын! Артспорт, Дамубала деген бағдарлама емес. Бұлай атаулары әдеттегідей халықтың мемлекеттің әлеуметтік реформаларын өз түсінігіне бұрмалап алуынан туындаған. Артспорт және Дамубала дегеніміз жәй ғана интернеттегі парақшаның, яғни сайттың атауы.

2021 жылдан бастап Президентіміз Қ.К.Тоқаевтың қолдауымен әлеуметтік реформа қызметін бастады. Ол қандай реформа? Балалар мен жасөспірімдерді, яғни 4-17 жас аралығындағы балаларға бүкіл Қазақстан бойынша тегін үйірмелерді қалыптастыру. Жалпақ тілмен айтқанда Сіздің балаңыз домбыра, сурет салу, би, т.б. үйірмелерге тегін қатысады. Осындай үйірмелерді ұсынып отырған кәсіпкерлерге мемлекет әрбір бала үшін ақша төлейді. Ең қызығы осы тұстан басталады. Мемлекеттен көп ақша алу үшін кәсіпкерлер өздеріндегі үйірмеге көп бала келеді деп көрсетудің схемаларын жасайды. Осындай схемалардың салдарынан оң нәтиже береді деп күтілген реформа дымға кеткенге ұқсады.

Әңгіме барысында мемлекеттік билікті, жоғарыда отырған ел ағаларын сынға алғанды ұнатамыз. Бәрі жемқор, халықтың ақшасын жеп отыр, мемлекетті талан-таражға салды деп айыптаудан тайынбаймыз. Ал енді мемлекеттің қаржысына тегін үйірмелерді жүргізу халық арасынан шыққан қарапайым кәсіпкерлерге сеніп тапсырылғанда не істеді? Неше түрлі схемалар құрып мемлекеттің ақшасын жеудің тәсілдерін ойлап таба бастады.

Реформаның жұмыс істеуі келесідей. Әлгі Артспорт, Дамубала сайттарында кәсіпкерлер өздерінің тегін үйірмелерінің мекен-жайын көрсетіп қояды. Ал, ата-аналар балаларын тегін үйірмеге беру үшін Артспорт, Дамубала сайтына тіркеліп кәсіпкерлердің тегін үйірмелерін көре алады. Сол тегін үйірмеге балаларын береді. Былай қарасаңыз өте оп-оңай. Иә, халыққа оп-оңай болсын деп жасалған реформа осы.

Енді осы реформаның жұмыс істеу сатыларына тереңірек үңілейік. Ең бірінші сатысы, кәсіпкер екеніңізді растайтын құжаттарды, үйірме өткізетін ғимарат құжаттарын, балалармен сабақ өткізетін қызметкерлердің құжатын Жамбыл облыстық мәдениет басқармасына әлгі Артспорт, Дамубала сайттары арқылы жөнелтесіз. Олар жіберген құжаттарыңызды қарайды. Заң талаптарына сәйкес деп тапса үйірме жүргізуге рұқсат береді. Екінші сатысы, үйірмеңізді жарнамалау арқылы бала жинайсыз. Үшінші сатысы, әр баланың ата-анасының келісімімен баланың үйірмеге қанша рет келгені бойынша мемлекетке есеп бересіз. Төртінші сатысы, әлгі берген есебіңіз қатесіз, заңға сәйкес болса мемлекеттен төлемдер аласыз.

Былайынша, өте қарапайым жолмен балаларды тегін үйірмемен қамтамасыз етуге болады. Алайда, жоғарыда келтіргенімдей, өзінің қалтасын ғана ойлайтын, яғни өзімшіл пиғылдағы кәсіпкерлер бұл жерге де мойын сұққан.

Ғимаратты үйірме өткізуге сәйкес жасақтадым деген құжаттарын өтірік қолдан жасап ұсынған, онымен қоса балалармен сабақ өткізетін қызметкердің құжаттары да жалған екені анықталған. Осындай жалғандықпен кей кәсіпкерлер өз қалтасын толтырып отыруды көздеген.

Биыл, Президент әкімшілігінің тапсырмасымен Жамбыл облыстық мәдениет басқармасы осындай заң бұзушылықтарды анықтау үшін жұмыс тобын құрып тегін үйірме жүргізіп отырған кәсіпкерлерді зерделеп шықты. Көптеген заң бұзушылықтар анықтады.

Үйірме өткізуге қажетті жабдықтарға мемлекеттен қаржы алғанымен ондай жабдықтар мүлде алынбаған. Балалармен сабақ өткізеді деген мұғалімдерінің орнына басқа, мүлдем үйірме өткізу бойынша дипломы жоқ мұғалімдер сабақ жүргізген. Үйірмеге қатысып жүр деп көрсеткен балалардың мүлдем құжаттары жоқ болып шыққан.

Иә, мұндай бұзушылықтарға кәсіпкермен қоса сол үйірмелерге балаларын берген ата-аналарды да кінәлі деуге болады. Балаңызбен үйірме жүргізетін адамның дипломын неге сұрамасқа? Үйірме өтетін бөлменің жасақталуына неге сын айтпасқа?

Өздерінің бұзушылықтары туралы жақ ашпай, Жамбыл облыстық мәдениет басқармасының бұзушылықтарды анықтау бойынша қызметін заңсыз деп, оқырмандарын мемлекеттік қызметке қарсы қойып арандатушылықпен  әлеу желіде дабыра қылып жүрген кәсіпкерлер де бар. Онысымен тоқтамай прокуратурадағы, антикордағы, әкімдіктегі көкелерін ортаға салып қорқытқандары тағы бар. Ол аз десеңіз, мемлекеттік қызметшілерді ақшаға сатып алғысы келгендері де болды. Өзімшіл пиғылды кәсіпкерлер осындай құйтырқы жолмен мәдениет басқармасын даттап, халық алдында ұятты еткісі келеді.

Президент әкімшілігінің тапсырмасын адал орындау үшін бар жігерін салып жүрген мемлекеттік қызметшілердің қысымға ұшырап, жан-жақтан жәбір көріп жүруіне жергілікті әкімдік неге жол беруде? Мемлекет қаржысына қадағалау жасайтын құзырлы органдар неге қимылсыз, неге мемлекет қаржысының талан-таражға салуына араша түспейді?

Дегенмен, мемлекет қаржысына өз қалтасын ғана толтыруды ойлап келген кәсіпкерлер заң алдында жауап беруге тиіс. Президентіміз 2024 жылғы 2 қыркүйектегі жолдауында, «БІЗДІҢ ҚОҒАМЫМЫЗДА ЗАҢ МЕН ТӘРТІП ҮСТЕМДІК ҚҰРУҒА ТИІС» деп нақтылаған болатын. Осыған сәйкес, мемлекеттік тапсырыстың көлеңкелі тұстарымен күрес тоқтамайды және нәтижелі болады деген үміттеміз.

Sunqarnews.com

Ұқсас жаңалықтар

Ғалымжан Қараманұлы: Әйел адам — отбасының жүрегі

Redaktor SunqarNews

Оның күйеуі қателікпен депортацияланды. Енді ол саяси дүрбелеңнің ортасында қалды.

admin_sunqar

«Көңілді кеш, көтеріңкі көңіл-күй: Түрксібжастары караокеде бас қосты»

Redaktor SunqarNews

Пікір жазу