SunqarNews ақпараттық порталы
Жаңалықтар

Мүгедектігі бар адамдарға жұмыс табуға, кәсіп ашуға және құқықтарын қорғауға көмектеседі: Алматыдағы орталықтың жұмысы

Мүгедектігі бар адамдардың қоғам өміріне араласуы үшін әлеуметтік жәрдеммен қатар, тұрақты жұмыс, құқықтық сауаттылық және психологиялық қолдау да маңызды. Алматы қаласының Бостандық ауданындағы «Тең Қоғам» әлеуметтік қолдау орталығы осы бағыттардың барлығын қамтитын қызмет көрсетеді. Мамандар азаматтарды жұмыспен қамтуға, кәсіпкерлік бастамаларын жүзеге асыруға және күнделікті мәселелерін шешуге көмектеседі.

Орталықтың басты ұстанымы – мүгедектігі бар адамдарға тек көмек көрсету емес, олардың өз мүмкіндіктерін іске асырып, дербес өмір сүруіне жағдай жасау. Осы мақсатта әр азаматтың қажеттілігі мен жеке мүмкіндіктері ескеріледі.

19 адамға жұмыс табуға көмектескен

Орталықтың маңызды нәтижелерінің бірі – азаматтарды жұмыспен қамту. Мамандар жұмыс іздеушілердің кәсіби біліктілігін, қабілетін, денсаулық жағдайы мен қалауын ескеріп, лайықты бос жұмыс орындарын іздейді.

Сонымен қатар мемлекеттік квота арқылы жұмысқа орналасуға, жаңа ұжымға бейімделуге және тұрақты жұмыспен қамтылуға қолдау көрсетіледі. Нәтижесінде орталықтың көмегімен 19 адам жұмысқа орналасқан.

Жұмысқа орналасумен қатар, азаматтардың кәсіби дамуына да көңіл бөлінеді. Кәсіптік оқыту, қайта даярлау және жаңа мамандықтарды меңгеру мүмкіндіктері туралы ақпарат беріледі.

Ал өз ісін бастағысы келетіндерге кәсіпкерлік бойынша консультациялар ұсынылады. Мамандар жеке кәсіп ашу, шағын және орта бизнесті дамыту, мемлекеттік қолдау бағдарламалары мен кәсіпкерлік жобаларды жүзеге асыру жолдарын түсіндіреді.

Құқықтық және психологиялық қолдау көрсетіледі

Әлеуметтік мәселелердің қатарында құқықтық сұрақтар да аз емес. Сондықтан орталықта заңгердің көмегіне жүгінуге мүмкіндік бар.

Заңгер азаматтарға алимент өндіру, некені бұзу, ата-ана құқықтары, еңбек қатынастары, тұрғын үй мәселелері, азаматтық заңнама және әлеуметтік төлемдерге қатысты кеңес береді. Есептік кезеңде барлығы 17 құқықтық консультация өткізілген.

Бұдан бөлек, орталық психологы азаматтардың эмоционалдық жағдайын жақсартуға бағытталған жеке кездесулер өткізеді. Психологиялық көмектің негізгі тақырыптары – отбасылық қарым-қатынас, ата-ана мен бала арасындағы байланыс, өзін-өзі бағалау, эмоцияларды басқару және өмірлік қиындықтарды еңсеру.

Психологтың көмегіне жүгінген азаматтармен жеке мәселелер бойынша жұмыс жүргізіліп, олардың өзіне деген сенімін арттыруға басымдық беріледі. Есептік кезеңде 33 психологиялық консультация ұйымдастырылған.

234 консультация онлайн және офлайн форматта өткізілген

Орталық мамандары мемлекеттік әлеуметтік көмек пен төлемдерді рәсімдеу, жеңілдіктер алу, қажетті құжаттар мен анықтамаларды жинау мәселелері бойынша да азаматтарға жәрдемдеседі.

Сондай-ақ техникалық оңалту құралдарын пайдалану тәртібі түсіндіріліп, оларды меңгеруге көмектеседі. Әлеуметтік қызметтер порталымен жұмыс істеу кезінде де практикалық қолдау көрсетіледі.

Осы бағытта есептік кезеңде 65 офлайн және 169 онлайн консультация өткізілген. Яғни азаматтар орталық мамандарынан тікелей барып та, қашықтан да кеңес ала алады.

Қоғамдық өмірге араласуға мүмкіндік береді

Орталықтың жұмысы тек жеке консультациялармен шектелмейді. Азаматтардың әлеуметтік ортаға бейімделуі, өз бетінше өмір сүру дағдыларын қалыптастыруы және қоғамдық белсенділігін арттыруы да назарда.

Қызмет алушыларға арнап мәдени-демалыс, танымдық және ақпараттық іс-шаралар ұйымдастырылады. Түрлі қоғамдық және мәдени орындарға баруға жәрдем көрсетіледі.

Сонымен бірге мамандар қалалық инфрақұрылым нысандарының мүгедектігі бар адамдарға қаншалықты қолжетімді екенін бақылап, мониторинг жүргізеді. Қажет болған жағдайда азаматтарды мемлекеттік және басқа да ұйымдарға апарып, құжат рәсімдеу кезінде сүйемелдейді.

Осылайша, Бостандық ауданындағы «Тең Қоғам» орталығы әлеуметтік, құқықтық және психологиялық көмекті бір арнаға тоғыстырып отыр. Оның қызметі мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын іске асыруға, кәсіби әлеуетін дамытуға, экономикалық тәуелсіздігін арттыруға және қоғам өміріне тең дәрежеде қатысуына жағдай жасауға бағытталған.

Sunqarnews.com

Ұқсас жаңалықтар

Аққан жұлдыздарды қашан және қалай жақсы көруге болады

admin_sunqar

“Тәуелділік мінез-құлқының алдын алу” жобасы аясында дөңгелек үстел өтті

Redaktor SunqarNews

Жастар жаман әдеттен аулақ болсын десек…

Redaktor SunqarNews