SunqarNews ақпараттық порталы
Жаңалықтар

Парламент депутаттарына ашық хат!

Өткен мамыр айының соңында Премьер-Министр О. Бектеновтың атына Президент Қ. Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың соңғы мәжілісіндегі «Алаш көсемдері мен кеңес қайраткерлерін бір-біріне қарсы қоймау қажет» деген сөзін уәж еткен Парламент Сенатының 6 депутаты қол қойған депутаттық сауал жолданды. Сауалға президент тағайындаған Д. Қыдырәлі, А. Сатвалдиев, Г. Шиповских, Ақтөбе, Жетісу облыстары мен Астанадан сайланған А. Нұғманов, Ғ. Сарыбаев және Б. Жексенбай сынды сенаторлар қол қойыпты.
 Бірақ бұл бірінші сауал емес. Жыл басында (27.02.) «Егемен Қазақстан» газетінде екі жас азамат (Р.Әбілдос, Е.Иманбай) «Ұлт қайраткерлерін әдеби кейіпкерлердей бір-біріне қарсы қою – әбестік» айдармен тарихшы, профессор, марқұм Талас Омарбектің ХХ ғ.-дың 20-30-жж.-дағы Алаш арыстары мен қазақ коммунистерін бірі біріне қарсы қоймауға шақырған пікірін жариялады (Ұлт қайраткерлерін әдеби кейіпкерлердей бір-біріне қарсы қою – әбестік (egemen.kz)). Арада 2 жұма өте, Ұлттық құрылтайдың 15 наурыздағы мәжілісінде Президент Қ. Тоқаев сенаторлар келтірген сөзін айтты.
 Көп ұзамай Парламент Мәжілісінің кезекті пленарлық отырысында әдеттегідей билік партиясы тізімімен өткен депутат тағы да Президенттің сол сөзін келтіріп, «ұлт қайраткерлерін бір-біріне қарсы қойып, ел ішіне іріткі салмайық» дегендей қызыл сөзге толы депутаттық сауал оқыды.
Енді міне 6 сенатордың сауалы. «Егемен Қазақстан» мен Парламенттің қос палатасынан шыққан бұл материал-сауалдар ХХ ғ.-дың 20-30 жж.-дағы Тұрар Рысқұл мен Сәкен Сейфоллаұлын ақтауды көздеген саяси науқан екенін соқыр-мылқау ғана түсінбес.
Бұл науқан «Егемен Қазақстанда» тарихшы Т. Омарбектің дәрісін жариялаудан басталған соң, алдымен соған тоқталайын. Бір мәселе: Т. Омарбектің өз сөзі ме әлде Р. Әбілдос пен Е. Иманбай автордың марқұм болғанын пайдаланып өз қиялдарын қосты ма, белгісіз. Бірақ газеттегі дәрісте тарихи шындық емес, қиял басымырақ. Оған бірнеше мысал.
1) Т. Омарбектің айтуынша, Ә. Бөкейхан Т. Рысқұлдың қабылдауына келіп, бірақ ол хатшысы арқылы «Айтыңыз, ол кісіні қабылдай алмаймын» деп бетін қайтарып жіберіпті. Ал Т. Рысқұлдың өзі И. Сталинге, РКП(б)-ның Орталық бақылау комиссиясы мен ОГПУ-ға 1924 ж. 30 сәуірінде жазған «доносында»: «Таяуда Әл. Бөкехан бір кісі арқылы қабылдауымды өтініп маған телефонмен хабарласты. Мен қабылдаудан жалтардым, оның үстіне ол кісімен жақсы таныс емеспін», — деп жазды.
2) 1922 ж. желтоқсанда Ә. Бөкейхан Семейден Орынборға, одан Мәскеуге жер аударылды. Мәскеуде Әлекең КСРО халықтарының Кіндік баспасындағы («Күншығыс» баспасы) Қазақ бөліміне қызметке алынды (14.12.1922 ж.). Марқұм Т. Омарбек баспа директоры Нәзір Төреқұлға Тұрар: — Әлихан жұмыссыз жүр екен, баспаға жұмысқа орналастыр, — деп айтты дейді. Бұл да қиял. 1922 ж.-дың қазанында ғана Түркістан АКСР Халком кеңесінің төрағасы болған Тұрардың Мәскеудегі Кіндік баспа директоры Нәзірге олай айтатын не құзыры, не ықпалы жоқ-ты. Айтса да, «ләббай, тақсыр!» дей қоятын Нәзір емес-ті. Себебі С.Қожанұлы, Г.Сафаровпен бірге «Ақ жол» газетін шығарған 1920 ж.-дың соңынан бері Нәзір мен Тұрардың арасы қатты суыды. Ол аздай, 1927 ж. Тұрар «Күншығыс» баспасына жиі келіп, қызметкерлерімен саяси әңгіме қозғайтын. Ол кезде Тұрар РКФСР Халком кеңесі төрағасының орынбасары, яғни саяси Олимпте отырды. «Күншығыс» баспасына келген келесі жолы Нәзір оған баспаға келуің мен саяси әңгіме қозғауыңды доғар деп қатаң ескертеді. Содан екеуі сөзге келіп, Нәзір Тұрарды шапалақтан тартып жіберіп, желкесінен сүйреп баспадан шығарып жібереді (ЦА ФСБ РФ: Следственное дело № 12631 по обвинению Тюрякулова Н.Т. Р-4975. – Л. 95).
3) Қайткенде де Тұрарды ақтау үшін Т. Омарбек қисыны жоқ жайттар келтіреді. Ол М.Әуезұлы мен Ә.Ермекұлының 1932 ж. өздерінің қателескендерін мойындап Мәскеу абақтысынан жазған хаттарын Т.Рысқұлдың 1922-1924 жж.-ғы «доностарымен» емес, олардан 10 жыл кейінгі – 1934 ж.-ғы «доносымен» салыстырып, Алашты даттаудан М. Әеузұлынан да «асып түскен» Ә. Ермекұлы «жанын алып қалу үшін Алашордаға жақпаған қара күйесі жоқ», «оқыған кезде ұялғанымнан төмен, үстел астына қарадым», -дейді. Біріншіден, бұл ғылым докторының айтатын сөзі емес. Мұхтар мен Әлімханның Бутыркадан (Мәскеу) (!) жазған 2 хаты мен Тұрардың бостандықта, басына әлі қатер төнбеген 1934 не 1936 жж. емес, И. Сталиннің «адал үзеңгілесі» болып жүрген 1922-1926 жж.-ғы «доностарымен» салыстырған адал әрі әділ болар еді. Ең маңыздысы: 2 хат пен ондаған «доносты» бір бірімен салыстыру үшін алдымен оларды мұқият оқып шығу керек емес пе?!? Ал проф. Омарбектің «Егемендегі» пікірінен Тұрардың ол «доностарын» оқымағаны тұрмақ, тіпті білмейтіні байқалады. Мұхтар мен Әлімханның хаттары мен Тұрардың 1922-1924, 1934, 1936 жж.-ғы оннан асатын «доностарын» Мәжіліс пен Сенат депутаттарының да оқымағаны таң қалдырмайды.
Әлімхан мен Мұхтар «Алаш» қайраткерлерін даттамайды, айыптамайды, тек өздерінің қателескендерін «мойындайды». Ал Тұрар құпия «доносының» қосымшасында Ә. Бөкейхан, М. Дулатұлы, А. Байтұрсынұлынан бастап партияға кірмеген (10 адам) және кірген (11 адам) Алаш қайраткерлерінің «контрреволюциялық қылмыстарын әшкерелейді». Олардың үзіндісін аудармай берейін: «За 3 года своей упорной работы бывшая Алаш-Орда завоевала киргизские массы, господствует политически и духовно над ними, а компартия влачится по их милости в их хвосте. Я этот вопрос поднял в ЦКК, достаточно представил фактов, докажу, что дела обстоят так. Что же, мы, словесно говоря о «коммунизме» среди киргиз, должны подчиниться теперь господству Алаш-Орды, противную совершенно по своему духу коммунизму, связанную тонкими нитьями со всеми международной контр-революцией… Главными из деятелей, упорно работающими по проведению своих идей, являются: Алихан Букейхан (бывш. председатель Алаш-Орды Киргизии, бывш. кадет, виднейший интеллигент и публицист), Мир-Якуб Дулат (один из главных руководителей Алаш-Орды и её идеологов, литератор), Магжан Джумабай (новый поэт на старый «алашордынский лад»), Булгамбай, известный нам, Халил Дос-Мухамед (д-р и научный деятель) и др.».
Тұрар ақын Мағжанды да «көрнекті реакцияшыл контр-революционер» деп кінәлайды: «К разряду контр-революционеров видных относится и Магжан Жумабаев, сборник стихотворений которого отпечатан недавно Туркгосиздатом реакционно-контр-революционного характера…».
Міне Тұрардың осындай доностары бола тұра, тарихшы Т. Омарбек: — Т.Рысқұлов жанын сақтап қалу үшін қайтті? – деп өзіне өзі сауал қояды да, жауабын өзі береді, — Аман қалуы үшін, Алашпен бірге түрмеге айдалып кетпеуі үшін Алашорданы сынап, аталған мақаланы жазды. Тоқетерін айтқанда, қарақан басының амандығы үшін бүкіл ұлт зиялыларын қаралап шықса да, марқұм Талас ағамыз оны ақтауға, кешіруге шақырады.
 Тарихшы Т. Омарбектің осы үндеуін арқау етіп, Мәжіліс пен Сенаттан депутаттық сауал жолдаған 1 мәжілісмен мен 6 сенатордың негізгі мақсаты – Тұрарды кешіріп қана қоймай, бұрынғы Халық шаруашылық институтын «Нархоз» университеті деп өзгертіп, Т. Рысқұлов есімін алып тастауына налып, оның есімін қайтаруды сұрайды. Сенат үшін елде одан өзекті мәселе болмаса керек. 6 сенатордың біреуі тарихшы болса да, ХХ ғ. басындағы тарихтан хабары тым саяз екен. Оны сауалдың мына жолдары аңғартады: «биыл қазақ жерінің тұтастай бір республикаға бірігіп, еліміздің қазіргі шекарасының айқындалғанына 100 жыл – 1 ғасыр толып отыр… Ә. Бөкейхан, А. Байтұрсынұлы, М. Дулатұлы, Ә. Ермекұлы сынды «Алаш» қайраткерлері бастаған тарихи процесті сол кезде билікте болған Т. Рысқұлов, С. Қожанов, С. Меңдешев, С. Асфендияров, Т. Жүргенов, Ж. Мыңбаев сияқты тұлғалар аяқтап шықты. Енді ұлт мүддесі жолында басын бәйгеге байлаған осындай түлғаларды бір-біріне қарсы қоймай, тарих контексіндегі елдік мұратты алға шығарып, жан-жақты зерттей білу қажет».
1-іншіден, осы үзіндінің соңғы жолы шынайы демократиялық елде ғалымға жасалған ашық САЯСИ ҚЫСЫМ деп бағалары сөзсіз. Басшы бола қалған тұлғалардың шетінен ақылгөй, білгір бола қалатыны және олардың ғалым, инженер, құрылысшы сынды түрлі мамандық иесіне ақыл айту кеңес дәуірі мен «Ескі Қазақстанның» жаман салты.
2-ншіден, тарихшыға ақыл айтпай тұрып тарихтың ең болмаса сол кезеңін білу керек. Ә. Бөкейхан мен басқа «Алаш» арыстары бастаған тарихи процесті… аяқтап шыққан тұлғаларға Т. Рысқұлды қосу тарихты бұрмалау. Себебі 1924 ж.-дың қаңтарында Түркістан Халком кеңесінің төрағасы қызметінен түсіп қалған оның Қазақстан шекарасын айқындайтын қызу күрес-тартысқа қатысы аз болды.
3-іншіден, Тұрар Қазақстанда Өлкелік компартия комитетінің баспасөз бөлімі меңгерушісі және «Еңбекші қазақ» (бүгінгі «Егемен Қазақстан») газетінің жауапты хатшысы қызметінде 3 айға да жетпей отырды. Бұл қызметті коминтерннің Монғолиядағы өкілетті өкілі (1924-1925) және РКФСР ХКК төрағасының орынбасары (1926-1937) қызметтерінің арасында атқарды. Ал бітірген бар жұмысы – «Алаш» арыстарының «Ақжол» газетін «Еңбекші қазаққа» қосып біржола жапты және сол «ерлігі» үшін РКФСР Халком кеңесі төрағасының орынбасары сынды саяси Олимпке бір-ақ отырды.
 Ал тарих ғылымының басты міндеті – өткен заман оқиғаларын зерттеп-зерделеу, өткеннің қателіктерін қайталамау үшін тарихи дамудың заңдылықтарын айқындау, алдыңғы ұрпақтың құнды тәжірибесін сақтау, азаматтық, рухани құндылықтар қалыптастыру, өткен дәуір мен қазіргі күннің байланысы мен заңдылықтарын анықтау және келешекті болжау. Ол үшін тарих ғылымы өткен дәуірдің ақ-қарасын айнадай, еш бояусыз көрсетуге тиіс. Тарих ғылымы тарихи тұлғалардың бірін даттау, екіншісін мақтауды көздемейді.
Тоқетерін айтсам, ХХ ғ.-дағы тарихымыз халқымыздың жүрегінде әлі жазылмаған, әлі де қансыраған жара қалдырумен қатар, қаншама «идеологиялық бомба» қалдырды. Тарихшы мен депутаттар ұсынып отырғандай, ХХ ғ.-дың 20-30, тіпті 80-жж.-дағы тарихымыздың «жаманын жасырып, жақсысын асырып» жазатын болсақ, ондай «идеологиялық бомба» ертелі-кеш «жарылатыны» күмән туғызбаса керек.
Оны залалсыздандыру үшін ХХ ғ.-дағы төл тарихымызды, Президент Қ. Тоқаев Ұлттық құрылтайдың І мәжілісінде шегелеп айтқандай, ұлттық мүдде тұрғысынан айнадай айнытпай жазуға, құпия құжаттардың бәрін әділ де ашық зерттеп-зерделеу үшін түгел құпиясыздандыруға міндеттіміз.
 Басқаша айтқанда, ең болмағанда тәуелсіздіктің 33-жылында қоғамымызды кеңессіздендіруіміз (десоветизация) және коммуниссіздендіруіміз (декоммунизация) керек. Онсыз «Жаңа Қазақстан» бос сөз. Сонда ғана қоғамда дау-дамайға жол бермей, сонда ғана жаңа ұрпаққа ұлтымыздың түп-тамырына сай құндылық ұсынамыз, отанына деген шынайы махаббат пен мақтаныш сезім тәрбиелей аламыз.
Т. Рысқұловтың «доностарын» осы жерден оқисыздар.
Құрметпен, Сұлтан Хан Аққұлы.
Астана, 18 маусым, 2024 ж.
Sunqarnews.com

Ұқсас жаңалықтар

Белгілі меценат кәсіпкерлерді I-Qanat жобасын қолдауға шақырды

Redaktor SunqarNews

“Қазақстан барысы” турнирінің жеңімпазы Ерасыл Қажыбаевқа белгілі меценат Дулат Тастекей автокөлік мінгізді

Redaktor SunqarNews

«Істеймін деген адамға жұмыс көп»

Redaktor SunqarNews

Пікір жазу