SunqarNews ақпараттық порталы
Журналистік зерттеу

Ғылым өмірге қызмет етеді

Заман талабына сай ғылымға қызмет етіп, зерттеу жұмыстарын жүргізіп, өз саласының үздігі атанғандар көп. Әрине, ғылым жолы сан қилы сала болса, сол қилы жолдардың бойымен өрлеп, өз қызметінің бетке ұстар азаматына айналғандар да жоқ емес. Солардың бірі АҚ «География және су ресурстары институты», гидрохимия және экологиялық токсикология зертханасының жетекшісі, PhD, қауымдастырылған профессор – Мадибеков Азамат Сансызбайұлы. Еңбек жолын метеорологиялық станцияда техник-метеоролог болып бастаған ғалым білімнің қара шаңырағы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің бакалавриатын «Метерология» мамандығы бойынша 1998 жылы аяқтаған.

Осы кезден бастап ғылым саласына алғашқы қадамын жасады десек артық айтқандық емес. Себебі, 2003 жылы экология магистрі атанып, өзі оқыған оқу орнында мұғалімдік қызметін бастап, шәкірттеріне жол көрсетіп, дұрыс бағыт-бағдар бере алды. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» — деп Абай атамыз айтпақшы оқытушылық қызмет атқарып жүріп, қаншама жастардың метерология ғылымына деген қызығушылығын оята білді.

Осы мақсатта Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындары студенттеріне арналған мемлекеттік тілдегі 2 оқу құралын жазды. Сонымен қатар, 2 монографияның жеке авторы болса, бірлескен 4 монографияның авторы. Бұдан бөлек, ағылшын-орыс-қазақ метеорологиялық сөздігін дайындаған. Азамат Сансызбайұлы шәкірттерімен қатар өзін де дамытуды естен шығарған емес. Оған Ресей мемлекеттік гидрометеорологиялық университетінде, А.И. Воейков атындағы Бас геофизикалық обсерваторияда және Ұлыбританияда өткен тағылымдамалары дәлел.

Азамат Мадибековтың жасаған қызметінің ішіндегі ең ауқымды түрде жүзеге асқаны 20-дан астам кешенді далалық ғылыми зерттеу жұмыстарын басқарғаны. Сондай-ақ, осы зерттеу жұмысының аясында еліміздегі көлдер мен өзендердің төлқұжатын дайындау барысында жауапты орындаушы, далалық ғылыми зерттеу жұмыстарына басшылық етіп, құнды ақпараттар мен тың мәліметтердің жарыққа шығуына әсерін тигізді. Оның айқын дәлелі Қазақстанның барлық аймағындағы 200-ден аса көл мен өзенге барып жасаған зерттеулері.

Мұндай жұмыстардың ең негізгі мақсаты – республикамыздағы су ресурстарын басқарудың тиімді жолын ұсыну және арттыру. 2021 жылы Балқаш-Алакөл, Ертіс, Есілжәне Нұра-Сарысу аймағындағы шағын көлдерді картографиялық тәсілдермен сәйкестендіріп төлқұжаттарын дайындаған. Гидрофизикалық және гидрохимиялық өлшеулер 85 шағын көлге жүргізілген. Нәтижесінде тұзды, кеуіп жатқан көлдерді анықтап, олардың жоғалуының алдын-алу үшін қандай шаралар жүзеге асырылу керектігі нақтыланды.

Бұдан бөлек зерттеу қортындыларының арқасында шағын көлдердегі су құрамы да анықталды. Азамат Сансызбайұлының айтар болсақ бұл салада да жеткен жетістіктері аз емес. Білім мен ғылымға сіңірген еңбегінің арқасында бүгінде Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Су ресурстарын, жануарлар мен өсімдіктер дүниесін ұтымды пайдалану, экология» басымдығы жөніндегі Ұлттық ғылыми кеңес төрағасы қызметін абыроймен атқарып отыр. Онымен қоса ұзақ мерзімді зерттеу жүргізіп, ғылымға қосқан үлесі үшін «Құрмет» грамотасымен марапатталды.

Елімізде ғылыми зерттеулермен айналысып, пайдасын тигізіп жатқан қаншама адам бар. Ғалымның хаты өлмейді демекші ғылымға үлес қосушылар үшін халықтың құрметінен асқан марапат жоқ екені анық. Сондықтан, олардың жасаған еңбегін ескеріп, атқарған қызметтерін айтып отыруды естен шығармау қажет.

 

                                                                    Аделина Бекболатқызы

Sunqarnews.com

Пікір жазу