Ол — шет елдегі қазақ тілшісі. Ол — он алты жерде жұмыс істейтін еңбексүйгіш адам. Ол — Лондондағы мемлекеттік арнананың өкілі. Бүгін SunqarNews сайтының кезекті қонағы Ғалымжан Қараманұлы.
Ғалымжан аға, Сізді өте еңбекқор адам ретінде жақсы білем. Бүгін бала шағаңызбен Лондонда тұрасыз, жұмыс істейсіз. Өзінің жаңа ғана он алты жерде жұмыс істеймін деп қалдыңыз, қайда және бәріне қалай үлгеріп жүрсіз?) Теледидар ғана емес, желідегі жеке ақпараттық парақшаңызды белсенді жүргізетініңіз тағы бар.
ҒАЛЫМЖАН ҚАРАМАНҰЛЫ: Негізі әзілдеп айтқанмын)) Бірақ еңбекқор болмасаң Лондон сияқты әлемнің ең қымбат қалаларының бірінде өмір сүру оңай емес. Отбасың үлкен болса, тіпті, қиын. Иә, расында да, мен бірнеше, бірақ бір-біріне жақын салада жұмыс істеймін: журналистика – мамандығым, әлеуметтік желілерде белсендімін, медиа кеңес беремін. Фрилансер болғандықтан бірқатар бұқаралық ақпарат құралымен әріптестік байланысым бар. Бұған үлгеру үшін уақытты тиімді жоспарлау, тәртіп пен жауапкершілік қажет. Әрбір істі жүрекпен атқарсаң, шаршамайсың. Мұның бәрі бір күнде емес, жылдар бойы жинақталған тәжірибе мен уақытты ақылмен басқарудың арқасында жүзеге асты деп ойлаймын. Таңертеңгі сағатымды дұрыс бөлсем, кешке дейін бірнеше істі тындыра аламын. Бұл — тәртіп, мақсат, ең бастысы — жауапкершілік пен сенімнің жемісі дер едім.
Шет елде жүрсе де ұл-қыздарыңыздың қазақшасы тап-таза! Бұл кімнің еңбегі, кімнің маңдай тері?
ҒАЛЫМЖАН ҚАРАМАНҰЛЫ: Бұл, ең алдымен, отбасымыздың ортақ еңбегі. Жұбайым екеуміз балаларымызға ағылшыншамен қатар қазақ тілінде сөйлеткізуді басты мақсат еттік. Үйде тек ана тілімізде сөйлесеміз, қазақша кітаптар оқимыз, ұлттық дәстүрлерімізді сақтаймыз. Бұл – біздің тамырымызды ұмытпауымыздың белгісі. Бұл жұмыстың артында еңбек, шыдамдылық, кейде қаталдық та тұрады. Өйткені өзге елдің ортасында баланың тілі мен мәдениеті тез өзгереді. Бірақ отбасындағы жылы орта мен ұлттық құндылықтарға деген құрмет олардың түп-тамырын сақтап тұрады. Аида, өзің де білесің, Англияда қазақша орта жоқ. Барлығы ағылшын тілінде. Тіпті, орысша да сөйлейтіндер жоқтың қасы. Сондықтан үйде ана тілімізге басты назар аударамыз.
Жұбайыңызды “патшайым” деп еркелетесіз, камера алдында ғана ма, әлде шынайы өмірде де солай ма?
ҒАЛЫМЖАН ҚАРАМАНҰЛЫ: Шынайы өмірде де солай. Жұбайым — менің тірегім, жан жолдасым. Жұмыс көп, шаршаған кездер болады, бірақ үйге келгенде маған демеу болатын сол кісі. Менің әрбір жетістігімнің артында оның қолдауы мен сабыры тұр. “Патшайым” деу құр мақтау емес, шын ниетпен айтылған алғыс. Өйткені әйел адам — отбасының жүрегі. Отбасы мықты болса, ер-азаматтың да қадамы нық басылады. Оның үстіне Ұлыбританияда тұрамыз. Бұл жақта патша жанұясы өмір сүреді. Екінші Елизавета патшайым өмірінің соңына дейін тақта отырды. Сосын бар ғой – егер жұбайымды патшайым деп еркелетсем, демек өзім де отбасымдағы кішігірім патшамын (күледі).
Лондон дегенде құлпынай теруге баратын қазақтар да бірден еске түседі ғой. Қазақ жастары неге дәл осы маусымдық жұмысқа көптеп барады деп ойлайсыз? Бұл уақытша табыс па, әлде сол жақта қалып қоюдың амалы ма?
ҒАЛЫМЖАН ҚАРАМАНҰЛЫ: Көп жастар үшін маусымдық жұмыс — шет елге шығудың, табыс табудың және жаңа тәжірибе жинаудың жолы. Иә, құлпынай теру (Лондонда емес, шет қалаларда көбіне) физикалық тұрғыдан ауыр жұмыс, бірақ соның арқасында ағылшын тілін үйреніп, Еуропамен танысып, кейбірі одан әрі оқу немесе жұмыс істеу мүмкіндіктерін табады. Бұл кейде уақытша табыс көзі болса, кейде елден тұрақты түрде кетудің бастамасы болып кетеді. Бірақ әркімнің таңдауы мен ниеті әртүрлі: біреу тек қарыздары мен несиесінен құтылу үшін барса, біреу тәжірибе үшін, енді бірі болашағын сол жақпен байланыстырғысы келеді.
Маусымдық жұмысқа барған жерлестер алаяқтарға тап болып жатады, шет елге бармас бұрын қандай нәрсені қаперде ұстаған дұрыс?
ҒАЛЫМЖАН ҚАРАМАНҰЛЫ: Ең алдымен, ақпаратты тексеру керек. Виза рәсімдейтін компаниялардың заңды тіркелген-тіркелмегенін, олардың келісім-шарттарын, бұрынғы клиенттердің пікірлерін зерттеген жөн. Әлеуметтік желіде немесе таныс арқылы келген “жақсы ұсыныстарға” сене беруге болмайды. “Тек бізбен барасың, бәрі дайын” деген сөздердің артында көбіне алаяқтық тұрады. Сондықтан әр азамат шет елге шығатын кезде заңды жолмен, ресми құжаттармен, сақтықпен әрекет ету керек. Бірақ ескере кететін мәселе маусымдық жұмысқа өтінім жіберу тегін. Ағылшын тілін білмейтін адамдар гугл-аудармашы арқылы сұрақтарға жауап бере алады.
Ұлыбританияда қанша қазақ баласы білім алып жүр, ол жақтағы диаспораның бірлігі қалай?
ҒАЛЫМЖАН ҚАРАМАНҰЛЫ: Қазір Ұлыбританияда жүздеген қазақ жастары білім алып жүр. Олар Оксфорд, Кембридж, Лондон университеттері секілді әйгілі оқу орындарында оқып жатыр. Қазақ диаспорасы өте белсенді: түрлі мәдени іс-шаралар, ұлттық мейрамдар ұйымдастырып тұрады. Мысалы, Айт және Наурыз мерекелерінде бастары қосылады. Біз бір-бірімізге демеу болуға, жаңа келген жастарға бағыт-бағдар беруге тырысамыз. Бұл алыста жүріп те өзара бауырмал бола білуіміздің дәлелі.
Кейбір азаматтар “виза рәсімдеуге көмектесеміз”, “жұмыс дайын” деп жалған уәде беріп, үлкен ақшаны алып, ғайып болады. Осындай схемаларды қалай тануға болады?
ҒАЛЫМЖАН ҚАРАМАНҰЛЫ: Алаяқтар көбіне шұғыл шешім қабылдатуға тырысады: “бүгін тіркелмесең, ертең кеш”, “тек біз арқылы” деген секілді. Мұндайда олардың лицензиясы бар ма, келісім-шарты бар ма, бәрін тексеру керек. Google-дан немесе ChatGPT-дан іздеп, шынайы пікірлерді оқу керек. Егер “таныс арқылы”, “инстаграм парақша” арқылы келіп жатсаңыз, өте сақ болыңыз. Шын компания ешқашан “алдымен ақша, сосын құжат” демейді. Британияда жұмыспен көмектесетін делдал компанияларға қызметі үшін ақша сұрауға тыйым салынған. Олар қызметіне қаражатты тек жұмыс берушіден ала алады. Заңмен әрекет еткен адам ғана қауіпсіз жол табады. Жалпы, елде жоқ маман болмасаңыз Тұманды Альбионда тек фермаларда ғана қара жұмыс істей аласыз. Өйткені үкімет жергілікті еңбек нарығын сырттан келетіндерден қорғап қойған.
Талай жерде тынбай жұмыс істеу үшін бойыңда қандай қабілет болуы тиіс? Ағылшын тілін кеш оқи бастадым дедіңіз, қалай жылдам меңгеріп алдыңыз?
ҒАЛЫМЖАН ҚАРАМАНҰЛЫ: Ең басты қабілет: ниет пен бейімделгіштік. Әрбір салаға икемделу үшін өзіңді дамыту, үйренуге дайын болу қажет. Ағылшын тіліне келсек, мен оны 37 жасымнан бастап үйрендім. Қолымды мезгілінен кеш сермесем де нәтижеге жеттім. 1,5 жылдық тілдік курстардан кейін әлемнің озық оқу орындарының бірі Глазго университетінің магистратурасын медиа менеджмент мамандығы бойынша тәмамдадым. Бастапқыда өте қиын болды, бірақ қорықпадым, ұялмадым. Күнде аз-аздан оқыдым, фильмдер көрдім, ағылшындармен сөйлесуге тырыстым. Тіл үйрену — тек грамматика емес, ол ортаға бейімделу. Тіл білсеңіз, әлемнің кез-келген есігі ашылады.
Шет ел деп аңсары ауатын жерлестер көп, оларға не айтарыңыз бар?
ҒАЛЫМЖАН ҚАРАМАНҰЛЫ: Шет елге бару өз болашағың үшін жасалған үлкен қадам. Бірақ тек арманмен емес, нақты жоспармен бару керек. “Бәрі оңай болады” деген ой — бос иллюзия. Мұнда да өмірдің қиындығы бар. Ең бастысы, қайда барсаң да, өзіңді жоғалтпа. Тіліңді, дініңді, ұлттық болмысыңды сақта. Қазақтың атын шет елде де абыроймен таныта біл. Бірақ егер сізге елде де жайлы болса мархаббат. Тұманды Альбионға саяхатшы ретінде барып қайтып, көкжиегіңізді кеңейтіп қайтсаңыз да жетіп жатыр.
Сұңқар сайтының оқушыларына Ғалымжан ағаның тілегі
ҒАЛЫМЖАН ҚАРАМАНҰЛЫ: Қымбатты оқырмандар! Білім алу, даму ешқашан кеш емес. Жаңа нәрсені үйренуден қорықпаңыздар. Ұлт жанашыры болу маңызды. Қай жерде жүрсеңіз де, өз тамырыңызды, шыққан жеріңізді естен шығармаңыз. Еліңізді ұмытпаңыз. Армандарыңыз асқақ болсын, жүректеріңізде Отанға деген махаббат өшпесін!
SunqarNews сайтына берген сүбелі сұхбатыңыз үшін көп рақмет!
