Білім беру саласын тұрақты дамыту қоры мен Google компаниясының әріптестігінің арқасында жаңа жоба іске асырылды, оған ҚР Оқу-ағарту министрлігі қолдау көрсетіп отыр. Бұл туралы SunqarNews.com ақпарат агенттігі хабарлады.
Жобаның алғашқы кезеңінде 16 аймақтағы 20 ауыл мектебі инновациялық Google экожүйесіне қосылады. Осы мектептердің бесеуі алдағы үш жылда Google Reference School мәртебесіне ие болады. Сонымен қатар, барлық сыныптар Google for Education платформасына қол жеткізіп, білім беру үдерісін автоматтандыру, оқу материалдарын құру және тапсырмаларды тексеру функцияларын оңайлатады.
Жоба барысында мұғалімдер Google Classroom және басқа да технологияларға қол жетімділік алады. Оған қоса BigQuery және Looker Studio аналитикалық жүйелері, сондай-ақ мәтін тексеруге арналған Gemini AI жасанды интеллекті де қолданылады. 200-ден астам мұғалім Google Educator халықаралық мәртебесін алу үшін дайындықтан өтеді.
Өрел ауылындағы орта мектеп Google платформасына толыққанды қосылатын алғашқы білім беру мекемесі болады. Мектеп AITAS холдингінің қолдауымен Chromebook ноутбуктерімен жабдықталып, Google Workspace-ке қол жеткізе алады. Жергілікті атқарушы органдар Интернетке тұрақты қосылуды қамтамасыз етеді.
Айта кетейік, әлемде 50 миллионнан астам оқушы мен оқытушы Chromebook-ті білім беру мазмұнын құру және бірлесіп жұмыс істеу үшін қолданады. Соңғы уақытта Chromebook үздік оқу құралы ретінде танылды. Бағдарлама ауыл мен қала оқушылары арасындағы білім деңгейіндегі алшақтықты азайтуға бағытталған маңызды қадам болып табылады.
Бұған дейін біз Қазақстандағы үздік ұстаздардың мектептерге тәлімгерлік ететінін жазған едік.
