Талдықорғанда бала Kaspi терминалының корпусына қол тигізіп, ток соғу салдарынан жарақат алды. Қазіргі уақытта оның жағдайы тұрақты, ол ауруханада ем қабылдауда. Бұл туралы SunqarNews.com ақпарат агенттігі хабарлады.
Әлеуметтік желілерде баланың терминалға қол тигізіп, ток ұрған сәтінің видеосы тарағаннан кейін, полиция қылмыстық іс қозғап, тергеуді бастады. Жетісу облысы полиция департаменті қауiпсiздiк талаптарына сай келмейтiн тауарлар мен қызметтерді тексеру барысында кінәлі тұлғаларды анықтап, заң аясында жауапқа тарту шараларын қабылдайтынын мәлімдеді. Тергеу процесі ерекше бақылауда.
Банк өкілдері оқиғаға байланысты баланың емделуіне қажет барлық көмек көрсетіліп жатқанын және оның отбасымен тығыз байланыста екенін айтты. Сонымен қатар, мамандар оқиғасының себеп-салдарын анықтау жұмыстарын жүргізуде.
Айта кетейік, бұған дейін Қызылордада мұздатқыш камераға қол тигізіп, қайғылы жағдайға душар болған баланың отбасы тергеу жұмыстарының баяу жүруіне наразылығын білдірген еді. Сондай-ақ, Ресейдің Иркутск облысында селфи жасамақ болған жасөспірім де ток ұру салдарынан ауруханаға түскен болатын.
