SunqarNews ақпараттық порталы
Жаңалықтар

АҚСУАТТА ӘН МЕН ӨНЕР САЛТАНАТ ҚҰРДЫ

 

Абай облысының Ақсуат ауданында өткен «Асыл бесік – Ақсуат» спорт және өнер фестивалі дәстүрлі гала-концертпен қорытындыланды. Үш күн бойы ұлттық спорттың дүбірі мен руханияттың тағылымына куә болған жұртшылық фестивальдің соңғы кешінде ән мен өнердің мерекесін тамашалады.

Бүгінде республика көлемінде кеңінен танылған «Асыл бесік – Ақсуат» фестивалі ұлттық спортты, өнер мен руханиятты тоғыстырған бірегей жобаға айналды. Белгілі кәсіпкер, меценат, ASSYLTAS қоғамдық қорының негізін қалаушы, Ақсуат өңірінің тумасы Дулат Тұрсынұлы Тастекейдің бастамасымен жүзеге асып келе жатқан фестивальдің басты мақсаты – туған жердің мерейін өсіру, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және жастарды өнер мен спортқа баулу.

Фестивальдің тарихы 2019 жылы бастау алған «Тұғыры биік Тарбағатай» жобасынан басталады. Кейін бұл бастама жаңа мазмұнмен толығып, «Асыл бесік – Ақсуат» фестивалі ретінде жалғасын тапты. Бүгінде бұл жоба өңірдегі ғана емес, ел көлеміндегі маңызды мәдени-рухани шаралардың біріне айналып отыр.

Биылғы фестиваль бағдарламасы бұрынғыдан да ауқымды болды. Ақсуат төрінде қазақ күресінен «ASSYL ARLAN» республикалық турнирі, тоғызқұмалақтан республикалық турнир, аударыспақ жарысы, «ASSYL TULPAR» бәйгесі ұйымдастырылды. Сонымен қатар «Артық білім – кітапта» облыстық кітап оқу байқауының финалы өткізіліп, үздік командаға автокөлік табысталды.

Фестивальдің қорытынды гала-концерті үш күндік мерекенің шарықтау шегіне айналды. Ақсуаттың орталық алаңына жиналған мыңдаған көрермен танымал өнер жұлдыздарының өнерін тамашалады.

Кеш шымылдығын Ержан Есенгелді ашып, көрерменге туған жер мен ұлттық рух тақырыбындағы әндерін ұсынды. Сонымен қатар сахнада Серік Исахан, Жанар Серікбекқызы, Сәулежан Тақзия, Аспанбек Шұғатай, Қажымұрат Шешенқұл, Дидар секілді өнерпаздар өнер көрсетті. Әсіресе туған өлке туралы әндер көрерменнің ерекше ықыласына бөленіп, Ақсуаттың қасиеті мен Тарбағатай өңірінің тарихын ән арқылы өрнектеді.

Кештің екінші бөлігінде қазақстандық эстраданың танымал өкілдері сахнаға шықты. Көпшіліктің ыстық ықыласына бөленген Әбдіжаппар Әлқожа өз шығармаларын орындап, көрерменмен еркін сырласты. Сондай-ақ Айдана Меденова, TURAR, Жасұлан Көпберген мен Шұғыла Ешен, Niyazkul, Айбек Серікханов, BAYANSULU, BYTANAT & MONNY секілді өнер иелері фестиваль қонақтарына көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Концерттің басты ерекшелігі – әр буынның талғамын ескере отырып жасалған бағдарламасында болды. Бір сахнада дәстүрлі ән мен заманауи эстрада, туған жер тақырыбы мен жастар шығармашылығы үндесіп, ұлттық өнердің сабақтастығын көрсетті.

«Асыл бесік – Ақсуат» фестивалі соңғы жылдары тек спорттық немесе мәдени шара ғана емес, елдік құндылықтарды дәріптейтін ірі қоғамдық жоба ретінде қалыптасып келеді. Оның басты ұраны – «Туған жерге туыңды тік». Бұл идея фестивальдің барлық бағыты арқылы көрініс тауып, туған жерге қызмет етудің үздік үлгісіне айналды.

Ақсуат аспанын әнге бөлеген гала-концерт фестивальдің жарқын қорытындысы болды. Ұлттық спорттың дүбірі, кітаптың құдіреті, өнердің қуаты мен туған жерге деген құрмет тоғысқан үш күндік мереке көрермен жадында ұзақ сақталары сөзсіз.

Sunqarnews.com

Ұқсас жаңалықтар

Жеңіс парадында әскерилерге отбасылары тосынсый жасады.

admin_sunqar

«Біздің балаларымыздың денсаулығына қайтарымсыз зиян келтіру бағасы»

admin_sunqar

Дүниежүзілік банк Қырғызстанның ауыз суға қол жеткізуін жақсарту үшін 121 млн доллар бөледі

admin_sunqar