2026 жылдың 26 тамызында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Түркітану және алтайтану ғылыми-зерттеу институтында «Иштван Конгур Мандокидің ғылыми мұрасы және түркі әлемін заманауи зерттеу» атты ғылыми-әдістемелік семинары өтті. Ғылыми жиынға түркітанушы және фольклортанушы ғалымдар, жас зерттеушілер, докторанттар мен магистранттар қатысып, көрнекті түркітанушы Иштван Конгур Мандокидің ғылыми мұрасын зерделеп, оның түркітану ғылымына қосқан үлесін талқылады.
Семинардың негізгі мақсаты – Иштван Конгур Мандокидің ғылыми ізденістерінің түркі халықтарының тарихын, тілін, фольклоры мен мәдениетін зерттеудегі маңызын айқындау, сондай-ақ оның ғылыми мұрасын бүгінгі түркі әлемін зерттеудің өзекті бағыттарымен байланыстыра отырып, жаңа зерттеу мүмкіндіктерін саралау.
Ғылыми-әдістемелік семинарды модератор, PhD, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Түркітану және алтайтану ҒЗИ Қолжазбалар зертханасының аға ғылыми қызметкері Аққұралай Әбдіуәлиқызы Іскендір құттықтау сөзімен ашты.
Семинардың алғашқы бөлімінде филология ғылымдарының докторы, профессор, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Түркітану және алтайтану ҒЗИ атқарушы директоры Н.Ж. Шаймерденова «Шекарасыз Түркі әлемі: Иштван Конгур Мандокиді еске алу» тақырыбында баяндама жасады. Баяндамада ғалымның өмір жолы мен ғылыми қалыптасуы, түркітану ғылымындағы орны, түркі халықтарының тарихи-мәдени және тілдік мұрасын зерттеуге қосқан үлесі сараланды. Иштван Конгур Мандокидің ғылыми қызметінің ұлттық шекаралармен шектелмей, түркі халықтарының ортақ тарихи-мәдени кеңістігін тұтастай қарастыруға бағытталғаны атап өтілді.
Филология ғылымдарының кандидаты, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Жамбыл атындағы филологиялық зерттеулер орталығының жетекші ғылыми қызметкері Қ. Жаңабаев «Мәдени кодтың иесі ретіндегі түрколог тұлғасы» атты баяндамасында Иштван Конгур Мандокидің ғылым мен мәдениет сабақтастығындағы рөліне тоқталды.
Филология ғылымдарының кандидаты, Astana IT University ассистент-профессоры, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Түркітану және алтайтану ҒЗИ аға ғылыми қызметкері Д.Б. Аманжолова «И. Мандокидың “Добруджа татарларының үш танымал халық ертегісі” атты мақаласы туралы» тақырыбында баяндама жасап, ғалымның фольклорлық мұраны жинау, жүйелеу және ғылыми тұрғыдан зерттеудегі еңбегіне назар аударды. Баяндамада Мандокидің фольклорлық мәтіндер арқылы түркі халықтарының тарихи жадын, дүниетанымын және мәдени ерекшеліктерін танытуға бағытталған зерттеу ұстанымдары сараланды. Түркітану және алтайтану ҒЗИ Қолжазбалар зертханасының маманы А. Каникеш «Иштван Қоңыр Мандоки еңбектеріндегі Құман-қыпшақ тілінің лексикасы мен этимологиясы» тақырыбында баяндама жасады.
Семинар аясында филология ғылымдарының кандидаты Қайрат Жаңабаевтың «Эпоха и личность: языковая репрезентация творческих типов сказителей и казахстанских исследователей» атты монографиясының тұсаукесері өтті. Аталған еңбек 2024–2026 жылдарға арналған AP23486380 «Қоғамның рухани жаңғыруы жағдайындағы Қазақстанның түркі тілдері: графикадан эпикалық мәтінге» ғылыми жобасы аясында жарық көрген.
Семинар барысында қатысушылар Мандоки мұрасының бүгінгі түркітанулық ізденістермен байланысын, Құман-қыпшақтану, тарихи лексикология, этимология, фольклортану және түркі халықтарының мәдени-тілдік мұрасын зерттеу мәселелерін талқылады. Іс-шара соңында баяндамалар бойынша пікір алмасу жүргізіліп, көтерілген ғылыми мәселелер талқыланып, семинар қорытындыланды. Ғылыми-әдістемелік семинар Иштван Конгур Мандокидің түркітану ғылымындағы өшпес ізін айқындап, оның ғылыми мұрасын қазіргі зерттеулермен сабақтастыра отырып, түркі әлемін зерделеудің жаңа бағыттарын дамытуға ықпал етті.
Қайыржанова А. Т., PhD,
Түркітану және алтайтану ғылыми-зерттеу институты,
Әл-Фараби ат. ҚазҰУ.
Каникеш А.Б., 1 курс магистрант,
Түркітану және алтайтану ғылыми-зерттеу институты,
Әл-Фараби ат. ҚазҰУ.
