Астанадағы қалалық әкімдіктің Абай көшесі жағындағы жаяу адамдар жүретін жолағы. Қарсы келе жатқан екі әйелдің йықтылауы мені көрер көзге соғып өтті. Жалт қарадам, ол да сояудай тістерін ақситып маған қарап ыржиды. Бойшаң денелі екен, арық та емес, толықта емес тарамыстай тартылған шымыр дене.
— Ты, что, широкисің бе?, — дедім әдейі жартылай орысша, жартылай қазақша сөйлеп.
— Көзіңе қарамайсың ба? – деді ол.
— Мен жолымды көріп келе жатырмын. Ал, сен телефонға тұмсығыңды тығып алып алдыңдағы адамды басып кете жаздадың ғой!
— Ой, пәлі деген-ай, алпамсадай еркексің, мен сені қалай басады екем, — деді ол. Осы сөзге мән бере сөйлеп.
— Қайдан білейін, анау йығыңмен соғуыңа қарағанда… — деп менде күлдім.
Енді оның жанындағы ортадан жоғары бойлы, аршыған жұмыртқадай аққұба әйел әңгімеге араласты.
— Ағай көрмес, түйені де көрмес демекші сізғой бізді басып кете жаздаған. Өзіңіз сұмдық бір ауыр ойдың үстінде келе жатқандайсыз, — деді ол. Әйелдің көзіне көзім түсіп еді ішім шоқ түскендей солқ ете қалды.
Апырау, мынау таныс көзғой деп ойладым. Көзі күліп тұрған сияқты, бірақ бір мұң ба, сағыныш сазы ма әйтеуір біртүрлі сезім сергелдеңі сезілгендей болды.
— Иә, ой үстінде келе жатқаным рас, — дедім мен ақтала сөйлеп. Осыдан 30 жылдай бұрын мына ғимараттың жетінші қабатында отырып едім. Көп нәрсе есіме түсіп келе жатқаны ғой.
— Ә, бәсе, ендеше Сіз біз ойлаған адамның өз болып шықтыныз, – деді ол. Сіздің есіміңіз Дүйсен болуы керек. Редакцияда жұмыс істедіңіз.
— Мен енді екі әйелге жалтақ-жалтақ қарадым. Караған сайын санамдағы көмескі көріністер бой көтеріп, оларды таный түскендей болдым.
— Біз мына жердегі баспаханада жұмыс істедік. Сіздер бір жақтан келіп съездің материалдарын көшіріп бастыңдар – деді ұзынтұра қара әйел. — Мен Бақытжамалмын ал мынау Бәтес, өзің көңілдес болған…
«Қайдағы Бәтес! Мынау екеуі де түрмыс тауқыметінен ыңыршағы айналып мылжа-мылжасы шыққан кемпір емес пе? Бәтес қайда бұл қайда?» – деп ойладым. Екінші бір ойым айтады: Өзіңе қарасаңшы, шашың әппақ қудай көзіңнің асты талаурап түр, ірік-ірік етеді. Бетіңдегі әжімдер егістік жерді пәрша-пәрша еткен солдат мінген машинаның ізіндей. Қара қатын нақалдау екен:
— Ей, Дүйсен! Шынымен бізді танымай тұрсың ба? Әлде әдейі танымаған сыңай танытпақпысың? Санаңды жаңғырт, көзің аш? – деп арыс-арыс етті.
— Мынау әйел маған пәле болып жабысты. Сөзі мірдің оғындай. Амалым таусылды, отырайықшы түреге тұрып сөйлесе береміз бе, — дедім. Сөйтіп жақын тұрған бір орындаққа жайғастық қара қатын қалтасынан сигаретін алып, бұрқыратып сора бастады. Иә, бұл баяғы Бақытжамалдың өзі болса керек. Қалада туып, асфальтта өскен безбуйрек, ә, десең, мә дейтін кәдімгі бетпақ, зауза қыздардың бірі.
— Әлі де бірдеңені еске түсіру үшін жақын жердегі балмұздақ киоскасына жүгіріп барып үш қорап алдым.
— Ту, баяғы әдетің қалмаптығой. Енді бізге гүл әкелуің ғана жетпей тұр, — деп, — қара қатын тағы түйреп өтті. Жанындағы әйелге қарап едім оның көзі нұрланып күлім қағады. Маған біртүрлі елжірей қарайтын сияқты. Осы бір көзқарас менің санамдағы тот басып қалған елестерді қайта жаңғыртып есіме түсе бастады.
Ерейментау, газет. Брежневтің съезде сөйлеген сөзі терт бет. Оған бүкіл есеп қыйсабын, сөйлеушілердің сөзін қосқанда газет алты бет болып шықпақшы. Біздің жаман баспаханамыздың қуаты жетпейді. Басшылық газетті Целиноградта бастырайық деп шешті.
Мен жауыпты хатшымын, Бас редактордың бірінші орынбасары екеуміз тағы бір үш қызметкерді ертіп облыс орталығына келдік. Съезд бастылып кетті. Бас хатшы әдеттегідей көпіртіп сөйледі, айтпақшы сөйлемейді біреудің жазып бергенін оқиды. Оның өзінде қақалып шашалып, икемге келмейтін жағы кейде қарысып қалып жататын. Орыс редакциясы рақат, телетайптан түскен материалды бірден баспаханаға теруге жібереді. Біз орысша баяндаманы Алматыда ҚазТАГ аударып бергенше сарғайып, түн жамылып отырамыз. Мен ол кезде отыз екідегі қыз таңдап, үйленбей жүрген сұрбайдақпын. Баспахана толы қыз-келіншек, әр ұлттық өкілі бар. Солардың арасынан осы Бәтес көзіме жалыұшырай берді. Құралай көз, құмырсқа бел, кеудесі де, бөкседі де шығыңқы. Аяғы дүп-дүзу, бойшаң, бөксесін сәл бұраңдатып, ойнақтай басып бара жатқанда көз сүрінеді. Мінезі ашық, ибалы, иманды адам сияқты. Менің қыз таңдаудағы өлшемдеріме түра келіп тұр. Жасы жиырма төртте.
Жұмыс бабымен жүріп оп-оңай танысып кеттік. Арада бірталай уақыт өткен соң. Қонақ үйдегі бөлмеме алып келдім. Енді шешіне бергенімізде ол мені құшақтап тұрып, құлағыма «мен қыз емеспін» деп сыбыр ете қалды. Мен ештеңе аңғара алмай мең-зең қалыпта бір сәт тұрып қалдым. Бұл сөзді неге айтты? Менің өмір көрген сақа жігіт екенімді білген қыз бәрібір біледі ғой. Онан да шындақты өзім айтайын деді мекен, — деп ойладым. Бірақ, аласұрғын сезім қуаты оны елетеме? Біз құшақтасқан қалыпта төсекке құлай кеттік…
Жоғарыда айтылған сөздің мәнісін сол күні ол өзі былай деп баяндап берді:
— Оныншы класты бітіріп жатқан кезіміз. Біздің қалада ол кезде қазақ мектебі болмады. Мен орысша оқыдым, бүкіл тәрбием де, өмірге көзқарасым да орысша болды. – деп бастады Бәтес әңгімесін. – Сол кезде мектеп бітірушілердің бір үйге жиналып, сауық құратын салты болды. Пәтер жалдап аламыз, болмаса ата-аналары дачаға кеткен үйге жиналамыз. Сол күнгі бас қосуымыз ерекше көнілді болды. Қолға түсе бермейтін жаңа әндер жазылған пластинкалар табылып есімізден танғанша биледік. Ол кезде «Портвейн-ІІ», «Портвейн-12» деген винолар болатын соның үш-төртеуін босаттық. Ұлдар да, қыздар да масаң тартып далаға шығып кетті. Мен басым ауырып, бөлек бір бөлмеде жатқанмын Қайдан келгенін білмеймін Андрей деген кластас ұл жып етіп менің жаныма жатып алды. Күнде көріп, ойнап-күліп жүрген ұлғой, онша қысыла қойғаным жоқ. Көрпемді тұйықтап, оранып алғам. Ол мас болып қалған сияқты.
— Валя, білесің бе? Мен саған 8 кластан бері ғашықпын, — деп қояды. Сол кездегі дәстүр бойынша қазақ қыздың да, ұлдың да атын орысша. – айтатын. Мінайдар деген жалғыз ұл болды. Оны елдің бәрі Миша дейтін.
— Әй, Андрей – дедім мен оған қайдағы ғашықтықты айтып жатсың. Сен орыс, мен қазақ емеспін бе? Онан да бұл сөздеріңді анау Светаға айт. Өзі қандай сұлу десеңші! Сен де оны жекөрмейсің.
— Жекөрмейтінім рас, бірақ ол тарпаң тай сияқты. Алдына барсаң тістейді, артынан ерсең тебеді. Дикарка! Сенің мінезің жібектей, әрі әдемісің.
Ол мені сүйгісі келіп ұмтыла түсті, ерніміз абайсызда жабысып қалды. 16-17 жастағана болатын ыстық сүйістің уыты бойымды бұлағаны сондай мен не болып, не қойғасын білмей қалдым. Ол жауырыны қақпақтай, мығым ұл еді. Мені қаспен, көздің арасында бүріп тастады. Масаңдығым ба, мен де жөндеп қарсыласа алмадым…
Соңынан алкеліп жылайын, ағыл-тегіл.
— Құрттың, бүлдірдің бәрін. Мен енді кімге керекпін! Зорладың, сотатам сені, — деп қоям. Андрей мені құшақтап ол да жылап отыр.
— Жылама, Валя мен саған үйленем, — дейді…
Осыдан соң Бәтес үндемей ұзақ жатты. Мен де ішкі эмоциясын тисын деп ештеңе айтпадым. Үріп ауызға салғандай әдемі қыз, құшағымда жатыр, отбасын құруға болатындай-ақ қыз…
— Содан соң не болды? – дедім мен ұзақ үнсіздікті бұзып.
— Не болушы еді, институтың 3 курсында оқып жүргенімде менің әкеме келді: ұйленгісі келетінін айтты. Әкемнің сегіз өрім дыраудай қамшысы болатын Андрейді арқасынан екі рет осып өтті, «енді қайтып, менің қызыма жолама» деп үйден айдап шықты.
— Маған мас болып құлап жатса да, босағамда ит болып үрсе де қазаққа шығасың, енді қайтып орыс, морысыңды көрсетпе!!! – деді.
Қызға қатты жаным ашып кетті, аядым. Үйленсем бе екен деп те ойласып жүрдім. Бірақ, «оның бетің орыс аштығой, орыс» деген бір түйін ой менің санамда тас болып қатып қалды. Қанша тырыссам да соны жеңе алмадым. Ақыры біз айырылысып тындық.
Енді тағдырдың тәлкегін қарашы? Қаншама жылдан кейін кездесіп тұрмыз! Әңгімеміз онша жараспады қоштасарда ол:
— Бала, шағаң бар шығар? – деді.
— Шүкір, бар, немерелерім де азамат болып қалды, — дедім мен «Ал, өзіңше?» деген сауал көкейімде тұрса да айта алмадым.
— Мен сол соқа басым күйінде қалдым – деді ол дауысы құмығып. – Саған зор үміт артып едім. Тіпті шын қөңіліммен сүйдім десем де болады. Бірақ, жоғалып кетті ғой, ғайып болып, — әйтпегенде мен сенің әйелің болатын едім, — деді. Бұл сөзді ызбарланықырап, ызғар қосып, азалы үнмен айтты.
— Рақымет, — дедім мен, рақымет! Кінә менен… Кешір?!
Серік ШАЙМАН
