Ертіс өзенінде 24 сәуірден бастап навигациялық кезең ашылады. Бұл еліміздегі ең ұзын су артериясында жүк және жолаушылар тасымалдау үшін су көліктерінің ресми түрде жүзуіне рұқсат берілгенін білдіреді. Су көліктері жоғарғы бағытта Майтүбек – Павлодар қаласы және төменгі бағытта Павлодар – Төменгі Алексеевский (РФ шекарасы) бойынша қатынайды. Бұл туралы SunqarNews.com ақпарат агенттігі хабарлады.
Павлодар облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясының бас маманы Ернұр Еслау мәлімдеуінше, Ертіспен жүк және жолаушылар тасымалдайтын кемелер міндетті түрде инспекцияда тіркелуі керек. Қазіргі уақытта 102 су көлігі тіркелген, оның ішінде 49-ы өздігінен жүретін болса, қалғаны баржалар. Сыйымдылығы 1000 тонналық баржалар негізінен Павлодардан Омбыға құм мен қиыршық тас тасиды, кері қайтарда ағаш өнімдерін алып келеді.
Көліктердің салмағы 200 килограмнан және қозғалтқышы 10 ат күшінен асатын болса, міндетті түрде тіркеуге қойылады. Облыста 1540 шағын көлемді кеме тіркелген. Ал кеме капитандары мен экипаж мүшелері өз біліктіліктерін уақытылы арттыруы тиіс. Қажет болғанда аттестаттаудан өтеді.
Су жолдарының сапасы мен қауіпсіздігі «Қазақстан су жолдары» ұйымының бақылауында. Кемелерге арнайы карталар беріледі, олар сол бағыт бойынша жұмысты жүзеге асырады. Павлодар аймағында кеме капитандарының тапшылығы байқалады, сондықтан мамандар көбінесе Ресейде оқып келеді.
Облыс орталығындағы жалғыз кеме жөндеу зауыты бір кәсіпкердің қолына өтіп, оны кеңейту жоспарда бар. Бұған қоса, Ертіс өзені су көліктерінің техникалық байқауынан қалай өтетіні жайлы бұрын жазған болатынбыз.
