Lianhe Zaobao басылымының мәліметінше, Қытай соты Ли Пэнсиньге қатысты пара алу ісі бойынша алғашқы үкім шығарды. Оған аса ірі көлемде пара алғаны үшін өлім жазасы тағайындалып, саяси құқықтарынан өмір бойы айырылып, барлық мүлкі тәркіленбек. Өлім жазасын орындау екі жылға кейінге қалдырылды. Бұл туралы SunqarNews.com ақпарат агенттігі хабарлады.
Егер екі жылдан кейін өлім жазасы өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылса, оған мерзімінен бұрын босатылу мүмкіндігі берілмейді. Есепке алынған заңсыз мүлкі мен табысы мемлекеттік бюджетке аударылатын болады.
Сот анықтауы бойынша, Ли Пэнсинь 1999 жылдан 2023 жылға дейінгі аралықта түрлі лауазымды қызметтерді атқарып, өкілеттігін асыра қолданған. Ол бірқатар мекемелер мен жеке тұлғаларға көмектесе отырып, 822 миллионнан астам юаньды заңсыз иемденген.
65 жастағы Ли Пэнсинь Шаньси провинциясының тумасы. Ол Шыңжаң, Ішкі Моңғолия, Цинхай өңірлерінде қызмет еткен. 2016 жылы ШҰАР партия комитетінің хатшысының орынбасары болып тағайындалып, сепаратизмге қарсы күреске жетекшілік еткен. 2021 жылдың шілдесінде басқа қызметке ауысқанымен, 2023 жылы желтоқсанда тергеу басталып, 2024 жылдың маусымында партия қатарынан шығарылған.
Бұған дейін қытайлық экс-шенеуніктің жемқорлық ісіне қатысты тың жаңалықтар жариялаған болатынбыз.
