SunqarNews ақпараттық порталы
ЖаңалықтарСұхбат

«Сапалы контент жетіспейді». Журналист Ержан Төлек бүгінгі БАҚ көрінісіне баға берді

28 – маусым – БАҚ қызметкерлерінің күні. Елімізде 1991 жылдың 28 маусымында Бұқаралық ақпарат құралдары туралы Заң қабылданған. Бұл заң ел ішіндегі тілшілер қауымының жұмысына тың серпін беріп, баспасөз саласында мемлекеттік БАҚ-пен қатар, жекеменшік басылымдар пайда бола бастады. 2019 жылы шыққан Мемлекет басшысының №431 Қаулысынан кейін 28 маусым ресми түрде бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні болып бекітілді. Мереке қарсаңында ақпараттық саланың ақтарылмаған сырлары мен айтылмаған қырлары жайлы журналист, «Alatay Aqparat» медиахолдингінің негізін қалаушы Ержан Төлек сұхбат берді. 

– Ержан мырза, «Alatay Aqparat» медиахолдингі қалай құрылды? Биыл қанша жыл толып отыр?

— «Alatay Aqparat» медиахолдингі 2020 жылы тарихы терең «Алматы Ақшамы» және «Вечерний Алматы» қалалық газеттерінің қосылуы арқылы құрылған. Биыл 4 жыл толып отыр. Қазір аталған екі газеттің сыртында https://vecher.kzhttps://aqshamnews.kz және  https://alnews.kz сайттарымыз бар.

Басылымдарымызға жеке тоқталар болсақ, «Вечерний Алматы» газеті 1936 жылдан бері шыға бастады. Биыл 88 жыл болады. Ұзық жылдық тарихы бар қалалық газет алматылықтардың ғана емес, ел көлемінде оқырмандардың асыға күтетін сүйікті басылымының бірі болды. Халыққа рухани азық ғана болып қоймай, талай буынның пісіп-жетілуіне оң ықпал етті.

Ал 1 шілдеде «Алматы Ақшамының» жарық көргеніне 36 жыл толады. Оның алғашқы нөмірі 1988 жылы шықты. Тарихына келер болсақ, алғаш рет Алматыда өткен аламан айтыста Ә.Қалыбекова мен Ә.Жанқұлиев сөз қағыстарады. Сол айтыста көтерілген «Алматыда қазақ тіліндегі қалалық газет неге жоқ?» деген сұрақ қоғамда талқыға түсті. Ұсыныс билік тарапынан да қолдау тауып, Ө.Жәнібековтің, Р.Бердібаевтың, тағы басқа да ұлт зиялыларының табандылығының, ашық күресінің арқасында «Алматы ақшамы» оқырман қолына тиді. Бастапқыда «Вечерний Алматы» басылымының қазақша қосымша болып басылып, кейін жеке шықты. Оған ресми түрде «Қазақ тілінде республикаға тарайтын қоғамдық, саяси қалалық басылым» деген арнайы мәртебе берілді.

«Alatay Aqparat» медиахолдингі өзінің даму стратегиясын қабылдап, барлық салада бәсекеге қабілетті және сапалы ақпарат өндіретін орталыққа айналу бағытында жұмыс істеуде.

— ⁠БАҚ саласындағы сайт құру кезіндегі мәселелер қандай еді? Қазір журналистикада не ақсап тұр? 

— Қазір барлық дәстүрлі медианың дерлік веб-сайттары бар. Сайттардың өзі бүгінде дәстүрлі ақпарат құралдарының қатарына кірді. Өйткені, БАҚ саласы ішінде олар еліміздегі ең ауқымды ақпарат кеңістігіне айналды. Дегенмен соңғы жылдардағы адамдардың ақпаратты алудағы тәсілдері өзгеріп, аудитория көбіне көп видео контенттерге, мультимедиалық өнімдергі, диджитал платформаларға қарай ойысты. Бұл ақпараттық сайттардың аудиториясын өзіне қарай бұрған үлкен тенденция еді. Осы үрдіске бейімделу үшін сайттар да мультимедианы дамытуына тура келді. Осылайша қазір кейбір сайттар өз алдына бір көпсалалы платформаларға айналып келе жатқанын байқаймыз.

БАҚ саласында бәсеке қызу, әсіресе сайттар арасындағы бәсеке тіпті жоғары деңгейде. Толассыз өтіп жатқан ақпарат толқынына ілесіп отырмаған сайттар тез-ақ өз кеңістігінен айырылып қалып жатады. Міне осындай бәсекелі жағдай сайттардың жетіле түсуіне әсер етіп жатыр. Бұрынғыдай copy&post ешкімді нәтижеге жеткізе алмайды. Ең маңыздысы сапалы контент өндіруде, БАҚ саласының қай түрінде болмасын сапалы контент қана кең аудитория әкеледі. Журналистикамызда сапалы контенттер әлі де жетіспейтіндей. Көптеген салалар әлі бос. Сондықтан көршінің өндірген контентіне телміретіндер көп. Ақпарат құралдарының арасында шын сапалы контент өндірудің бәсекесі қыза түскен кезде журналистикамыз да барлық бағытта дами түседі. Біз бұл бағытта үш сайтты заманға сай дамытып, жаңартып, контент стартегияларын даярладық. Мәселен, Қазақстанда, әлемде болып жатқан оқиғаларға сараптамалар арқылы баға беретін https://alnews.kz халықаралық порталымыз қазақша, орысша, ағылшынша, қытайша және түрікше бес тілде шығады.

– Қазіргі таңда заманауи ақпарат тарату жүйесіне қандай баға берер едіңіз? Нені дамытып, не нәрсені азайту қажет? 

— Ақпарат тарату жүйесі белгілі деңгейде елдің ақпараттық саясатына байланысты, сондықтан кейде қоғам қажетіне, кейде мемлекет мүддесіне қарай жаңа тетіктерді енгізіп, үрдісті ұдайы жаңартып отыруға тура келеді. Қазіргі үрдістің тездігінен ақпарат беру тәсілдері, қабылдау тәсілдері әр 1,5 жылда жаңарып жатады. Осы өзгерістердің бәрін бақылап, ақпараттық жүйені икемді ету маңызды деп санаймын.

Бастысы ақпарат саласының еркіндігінде. Бұрнағы жылға дейін ұдайы мемлекеттік пропаганданы журналистика ретінде қарастырып, барлық ақпарат саласын соған қарай топтастыру тәсілі алдағы күнге жарамайды. Ал өткен ғасырда тотаритарлық жүйеде баспасөз бостандығы мен жалпы журналистика саласының дамымайтынын анық аңғардық. Әрине азаматтық қоғамы кемелденген, барлық салаларда заң үстемдігі бекіген әділетті мемлекетті қалыптастырамыз десек ол ең алдымен ақпарат саласының жаңаруынан басталады. Қазір білесіздер БАҚ саласына бұрынғыдай емес еркіндік, ашықтық берілген. Алайда, еркіндік деген не болса соны жазып, таратып қоғамды алатайдай бүлдіру емес. Қандай да бір қоғамның өз құндылығы, қорғауға тиіс ортақ ұғымдары болады. Өзінің ақпарат таратуға берген құқығынан пайдаланып осының бәрінен аттап өтуге журналистиканың өз этикасы да жол бермейді. Меніңше бір кездері ақпарат саласында БАҚ құралдарының монополияға түсіп, айрықша бақылауға алынуы жеңіл-желпі тақырыптардың дамып, өсек пен төсектің маңайын жазу гүлденіп, хайып пн хейіт арқылы рейтинг жинау сәнге айналды. Бұның барлығы ұлттық журналистиканың беделін түсіріп, халықтың сенімін азайтты. Сондықтан осы олқылықтың орынын толтыру бағытында, ұлттық журналистиканың беделін көтеру бағытында жұмыстар жүргізілуі керек деп ойлаймын.

— Жас журналистердің қарқынына көңіліңіз тола ма? Оларға беретін кеңесіңіз қалай?

— Әр буын өзіне дейінгі ұрпақтан оза шабуы тиіс. Әйтпегенде қоғам дамымайды. Жас болғасын қарқынды болатыны табиғи құбылыс. Табиғаттың заңы солай. «Жас кезде іске», — дейді. Қазіргі жас буын журналистері бізден де қарқынды. Себебі заман талабы сол. Әлем жылдам өзгеріп жатыр. Оның талабына сай келу үшін бір орында тұрмай үнемі дамып отыру керек.

Жастарға келер болсақ, ең бастысы ағылшын тілін үйреніп, үнемі білімін кемелдендіруге кеңес берер едім. Сосын салалық журналистиканы дамытуға, жекелеген салаларға маманданып заманауи технологияларды қолданып дамытуға көңіл бөлгендері дұрыс. Әрине, бәрін қамту мүмкін емес. Сондықтан нақты бір салаға машықтанғаны абзал. Саяси, экономикалық, жаңа технология, әлеуметтану, экологиялық тағысын тағы. Тегеурінді, білімді, заман тілін білетін мықты жастар келе жатыр, олардан күтер үміт зор.

— Жауабыңызға рақмет! Мереке құтты болсын!

 

Дина Литпин 

«Адырна» ұлттық порталы

Sunqarnews.com

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстанның жалпы тауар айналымындағы ШЫҰ-ға мүше елдердің үлесі 67 пайызды құрайды

Redaktor SunqarNews

ҚазҰУ — ғылымда жетістікке жетемін деушілер үшін таптырмас мүмкіндік

Redaktor SunqarNews

Желтоқсан – тәуелсіздік тірегі

Redaktor SunqarNews

Пікір жазу