Облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының деректері бойынша, өңірде 302 мың гектар дәнді және дәнді-бұршақ дақылдары, 308,5 мың гектар майлы дақылдар, 133 мың гектар жем-шөп, 5,8 мың гектар картоп, 3,8 мың гектар көкөніс пен бақша дақылдары отырғызылған. Бұл туралы SunqarNews.com ақпарат агенттігі хабарлады.
Ағымдағы жылы ауыл шаруашылығы өндірушілері 39,6 мың тонна тұқым материалын егіп үлгерді. Оның ішінде элиталық тұқым 2,1 мың тонна болса, бірінші репродукция – 19,3 мың тонна, екінші репродукция – 11,7 мың тонна және үшінші репродукция – 6,5 мың тонна. Сонымен қатар, 6,6 мың тонна элита тұқымы мен будандар (күнбағыс, жүгері және т.б.) сатып алынған. Қазіргі таңда тұқым материалын тексеру жұмыстары 58%-ға аяқталған.
Облыс аумағында 3 тұқым шаруашылығы мен 1 тұқым өткізуші шаруашылық жұмыс істейді. Барлық тұқым шаруашылықтарында 700 тонна қалдық тұқым бар екендігі хабарланған. 2025 жылға арналған тыңайтқыштар жоспары 63,6 мың тоннаны құрайды.
Көктемгі егіс үшін облыста 12 900 техника, оның ішінде 7 833 трактор, 302 жоғары өнімді егіс кешені, 1 971 сепкіш және 2 794 топырақ өңдеуші құрал жұмылдырылды, техника 100% дайын. 75 мың гектар аумаққа ылғал жабу жұмыстары жүріп, 15 мың гектарға немесе 2,9% жер алдын ала өңделгендігі айтылды.
Егіс жұмыстарына 27,520 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді. Наурыздағы 8 040 тонна дизель отынының 7965 тоннасы төленіп, 7352 тоннасы жеткізілген. Сәуір айына 8310 тонна дизель отыны бөлініп, облыс операторлары шарттар жасасу және жөнелту жұмыстарын жалғастыруда.
Бұған дейін, СҚО алқаптарында биыл ылғал қоры жеткілікті екендігі хабарланған болатын.
