SunqarNews ақпараттық порталы
Жаңалықтар

Алматыда атақты ақын Ақұштап Бақтыгерейқызының 80 жылдығы атап өтілді

2024 жылдың 6 желтоқсан күні Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде «Ақжайықтың ақ шағаласы» атанған ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Алаш» халықаралық әдеби сыйлығы мен Құрмет орденінің иегері Ақұштап Бақтыгерееваның 80 жылдық мерейтойына арналған «Жайықтан ұшқан шағала» атты әдеби-сазды кеш өтті.

Ақұштап Бақтыгерейқызы – қазақ поэзиясының жарық жұлдызы, ұлттық тәрбие мен мәдениеттің жанашыры. Оның шығармалары терең поэтикалық мазмұнымен, жүрекке жететін нәзік әрі қуатты сөздерімен ерекшеленеді. Ақынның әр өлеңі оқырманды өзіне баурап, қазақ әдебиетінің мәңгілік құндылықтарын паш етеді.

«Бүгін мен бақыттымын. 80 жылдық мерейтойын тойлап жатқан өзімнің оқу орныма 80 жасыммен келіп тұрмын. Мені сондай ерекше ықыласпен қарсы алды. Кезінде өзім де сондай ширақ, белсенді студент болдым. Қарасам, өзімнің өмірімді қаламым арқылы қазақ қыздарын тәрбиелеуге арнаппын. Мен барша қазақ қыздарына сәттілік пен бақыт тілеймін», – деді Ақұштап Бақтыгерейқызы.

Әдеби-сазды кештің шымылдығы оқу орнының Басқарма Төрағасы – Ректоры Гүлмира Қанайдың жүрекжарды құттықтау сөзімен ашылды. Гүлмира Қанай ақынды мерейтойымен құттықтап, Университет атынан сыйлық табыстады

«Құрметті Ақұштап Бақтыгерейқызы! Сіздің өз ісіңізге деген сүйіспеншілігіңіз, жоғары кәсібилігіңіз баршамызға үлгі. Өнегелі өміріңіз, өрелі өлеңдеріңіз, ұлттық рухты жаңғыртқан шығармашылығыңыз – жас ұрпақ үшін таусылмас рухани қазына. Өзіңіз түлеп ұшқан қазақ аруларының қара шаңырағымен байланысыңыз бүгінгі күнге дейін үзілмей келеді. Қаламыңызбен жазылған әрбір жол жас ұрпақтың бойына асқақ рухты, елімізге және ана тілімізге деген сүйіспеншілікті дарыта беруіне тілектестік білдіреміз. Мерейіңіз үстем, мәртебеңіз биік бола берсін», – деді QyzPU ректоры.

Кеш барысында өнерлі жастар ақын Ақұштап Бақтыгерееваның өлеңдерін нақышына келтіре оқып, тыңдарманның көңілінен шықты. Іс-шарада студенттер әсем билер билеп, әсерлі әндер орындап, ерекше көңіл-күй сыйлады. Сонымен қатар студенттік «Тұмар» театры «Ерлікті көзбен көрген күн» атты қойылымын ұсынып, көрермендердің қошеметіне ие болды.

«Мен басында кездескен кезде жұбайыма: «Өлеңіңді жазып, айтар шындығыңды айт. Маған арқа сүйеуіңе болады», – деген едім. Сол сөзімде тұрдым деп ойлаймын. Ақын адамның жүрегі нәзік, сезімтал келеді. Бүгін өзінің өскен ортасына келіп, қошеметке бөленуде. Жастар өте әдемі өнер көрсетті. Кештің ерекшелігі шынайылығында болды. Өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Айтар алғысымыз шексіз. Біз сіздерге тек жақсылық тілейміз», – деді ақынның жұбайы Ғабдырахим Жаңбырбаев.

Бұл кеш ақынның шығармашылық мұрасын ұлықтап, қазақ әдебиетінің асыл қазыналарын қайта жаңғыртуға бағытталған ерекше шара болды. Ақынның шығармалары мен өмір жолы әрбір қонақтың жүрегінде терең із қалдырып, ұлттық өнер мен әдебиеттің рухани байлығын насихаттауға зор үлес қосты.

«Ақұштап Бақтыгерейқызын білмейтін жан кемде-кем. Осы кісінің өлеңдерімен сусындап өскен жастың бірімін. Ақынның рухты жырлары баршамызға қуат береді. Мұндай кісілер қазір өте сирек. Қазақ поэзиясына, қазақ руханиятына құбылыс болып келген апамыздың рухты жырлары мәңгі жасай берсін», – деді Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің деканы, танымал тілші Қанат Әуесбайұлы.

Кеш соңында атақты ақын Ақұштап Бақтыгереева өзіне көрсетілген құрмет пен ықыласқа ризашылығын білдіріп, Университет ұжымына «Ана жүрегі» атты кітабын сыйға тартты. Бұл сыйлық – жастарға рухани азық, ана жүрегінің мейірімі мен даналығын паш еткен баға жетпес тарту болды.

 

 

 

Sunqarnews.com

Ұқсас жаңалықтар

Бекзат Саттарханов жайлы кітап жаырққа шықты

Redaktor SunqarNews

«ENBEK CUP» пікірсайыс турнирі

Redaktor SunqarNews

Қазақстандық спортшы әлем чемпионатында рекорд орнатты

admin_sunqar

Пікір жазу