Астана қаласында мәдени шаралар әйгілі әртістердің қатысуымен өтеді. Бұл туралы SunqarNews.com ақпарат агенттігі хабарлады. 26 сәуірде Астанада италиялық тенор Алессандро Сафина өзінің әйгілі ариялары мен романстарын симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен орындайды. Ол классикалық музыка мен поп-романтиканы сәтті үйлестіріп, әлемдік аудиторияны баурай алған.
3 мамырда Вера Брежнева елорда сахнасында жаңа және танымал хит әндерін шырқайтын концертін ұсынады. Ал 4 мамырда танымал еуропалық поп әнші SANDRA «The Best» әлемдік туры аясында Қазақстандағы жалғыз концертімен өнер көрсетеді.
Алматы қаласында да музыкалық шаралар өтеді. 16 және 17 мамырда Сергей Жуков пен «Руки Вверх» тобының концерттері ұйымдастырылады. 16 мамырда украиналық әнші Бьянка өз тыңдармандарымен кездесе отырып, көңілді ырғақты әндерін және қазақстандық әріптестерімен жазған шығармаларын орындайды. 26 мамырда Димаш Құдайбергенмен ерекше фан-кездесу өткізіліп, жанды дауыста ән тыңдауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, бұған дейін хабарланғандай, 1 тамызда америкалық актриса әрі әнші Дженнифер Лопес «Up All Night» туры аясында «Астана Аренада» өнер көрсететіні белгілі болды.
