Президент қазақ-түрікмен ынтымақтастығының қарқынды дамып келе жатқанына қуанышты екенін білдірді. Газ саласы мен көлік-логистика саласындағы стратегиялық маңызды жобалар ерекше бақылауда екенін атап өтті. Бұл туралы SunqarNews.com ақпарат агенттігі хабарлады.
Келіссөздер барысында газ саласындағы серіктестікті кеңейту, соның ішінде Қазақстанның шетелдік серіктестермен бірге Галкыныш кен орнын игеру жобасына қатысуы талқыланды. Мемлекет басшысы сондай-ақ «Тургунди – Герат – Кандагар – Спин-Булдак» темір жолы жобасының маңыздылығына тоқталып, жоба сәтті жүзеге асса, көлік бағыттарын әртараптандыруға және экспорт нарығын кеңейтуге мүмкіндік беретінін айтты. «Қазақстан – Түрікменстан – Иран» темір жол магистралі мен құрылысы жалғасып жатқан «Түрікменбашы – Гарабогаз – Қазақстан шекарасы» автокөлік жолы Солтүстік – Оңтүстік бағытындағы транзит әлеуетін арттыра түсетінін де атап өтті.
Сонымен қатар, кездесу кезінде білім беру және цифрландыру салаларындағы өзара ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Қазақстан Түрікменстанға мемлекеттік қызметтерді цифрландыруда және IT-мамандардың біліктілігін арттыруда көмектесуге дайын екенін жеткізді.
Айта кетейік, тараптар екі ел арасындағы сауда-саттық көлемін 1 миллиард долларға жеткізу үшін байланысты дамытуға жаңа мүмкіндіктер іздестіру қажеттігін де атап өтті.
22 сәуір күні Қазақстанға Түрікменстан Халк Маслахатының Төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедов келді. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Бердімұхамедов Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат етіп, «Этноауыл» кешеніне барды.
