Биылғы оқу жылынан бастап 3-сынып оқушылары үшін жаңа бағдарлама негізінде әзірленген «Еңбекке баулу» пәнінен жаңа оқулық ұсынылды.
Аталған оқулықтың негізінде оқушылар «Еңбекке баулу» курсы бойынша теориялық білім алып қана қоймай, күнделікті өмірде жиі қолданылатын тұрмыстық зат үлгілерін қолдан жасауды үйренеді.
Мысалы, оқулықтың «Сәндік-қолданбалы өнер» тақырыбы бойынша оқушылар қазақтың ұлттық ою-өрнектерінің тарихымен, оның түрлерімен, ерекшеліктерімен танысады. Сабақта алған білімдерін пайдалана отырып, оқушылар өз қолдарымен қазақы оюларды ойып, қоржын, кілемше жасауды үйренеді.
Сабақ барысында оқушылар аталған заттарды жасауға қандай құралдар қажет екендігін анықтап, тұрмыстық заттардың қандай материалдардан тұратынын (киіз, барқыт, былғары, мата) оқып, үйренеді. Әрі осы материалдардың түрімен танысады.
Оқулықтағы үлгілерге сәйкес, балалар матаны бүктейді, қияды, оған кесте салып, инемен жұмыс істеуге машықтанады. Кейін жасаған сөмке, қоржындарына «Мүйіз», «Қошқармүйіз», «Гүл», «Өркеш» сияқты ұлттық оюларды салады. Оны моншақ пен зер сияқты әшекейлермен безендіреді. Оқушылар матаны немесе қағазды қию, жабыстыру барысында қолдары, саусақтары икемді бола түседі. Еңбекке қабілеті артып, шыдамды, тыңғылықты болуға, қажет нәрсені өзі жасап алуға және айналасын таза ұстауға дағдыланады. Затты сәндейтін бояуларды таңдау, оюларды дәл қажет тұсына орналастыру арқылы оқушылардың қиялы дамиды, суреткерлік талғамы мен түрлі түстерді сезіну қабілеті артады.
Еңбекке бейімділікті арттырумен қатар, оқушылар ұлттық құндылықтарға – халқымыздың мәдениетіне құрметпен қарауға дағдыланады. Сонымен бірге, шығармашылық тапсырмаларды орындау барысында қазақ халқының тарихы мен мәдениетімен таныса отырып, қадірлеуді үйренеді.
Бірлесе отырып оюлы заттарды жасау кезінде балалар жұп және топ болып жұмыс істеуге үйренеді. Бір-бірімен пікір алмасады. Жасаған заттарын отбасына, достарына тарту етіп, сабақ барысында алған әсерлері мен білімдерімен бөліседі.
Оқулықта:
қосымша материалдарды қолжетімді ететін және оқушылардың оқу материалын игеруге мүмкіндік беретін QR-кодтар орналасқан;
сабақ аясын кеңейтуге мүмкіндік беретін және кілемше мен қоржын сияқты бұйымдарды жасаудың шығармашылық барысын көрсететін электронды нұсқасы қоса беріліп отыр, ол бейнероликтер көрсету, аудио жазбаларды тыңдату, түрлі интерактивті тапсырмаларды орындату арқылы оқытуды жан-жақты қызықты өткізуге септігін тигізеді;
Бұл оқулық – оқу құралы ғана емес, балалардың алған білімін күнделікті өмірде өз қолдарымен дайындап, пайдалана алуда көмекші құрал болары сөзсіз.
Ұқсас жаңалықтар
Пікір жазу үшін басыңыз