SunqarNews ақпараттық порталы
Жаңалықтар

«Жерұйық көрем десең Кегенге кел»

Қарашатқал – дара шатқал

Өмірдің «ретті кездейсоғы» дейтін нәрселер бола береді ғой.

Мәселен, осы таяуда ғана фейсбуктағы шетелдік френдостардың бірі үндістандық әуесқой блогер Rahul Gautam маған мессенджермен шығып,Қазақстанда көруге тұрарлық қандай көркем жерлер бар деп сұраған. Аз ойланып, ойыма түскен жерлерді атадым. Әлбетте, тізімімнің басында – Қайыңды мен Көлсай тұрды.

Арада бірнеше күн өткенде Кеген ауданына пресстурға бару жөнінде ұсыныс түсті. ҚайыңдыКөлсай осы ауданның аумағында екені есіңізде болар. Сонда деймінау, бұл сапар мен Рахул френдосыммен әңгімемнің арасында әлдебір флюидтік тылсым байланыс болғаны ма?

Орындығы жайсыздау келген ГАЗель бізді Кеген жаққа таң азанымен алып жүрді. Аратұра «Не жаздым, Құдай?!» дегізетін қасқа жолмен тау баурайына іліккенімізше Күн арқан бойы көтеріліп болды. Тау қойнауына кіреберісте бізді күтіп бес-алты жігіт тұр екен. Көкпардың атындай ойнақшыған қозыға денелібіреуі өзін «осы ауданның әкімімін» деп таныстырды. Міне, қызық дестік ішімізден, әкімнің өзі

Нұрбақыт Теңізбаевтың удан әкімінің аты-жөні осындай екен) көлігі бізді бірден Қарашатқал дейтін аңғарлы жерге бастады. Жұрт қойған бұрынғы атыКөртоғай екен, кейін елдің бас адамдары ұялып, «Қара каньон» деп өзгерткен. Журналистер қауымыҚарашатқал дейміз. Көртоғай десе, Көртоғай ақар-шақар биік таудың қылтасына жасырынған терең шатқал, шамасы бұрын ортасымен өкіріп-бақырып өзен аққан, бүгінде ол құрғаған, тек жылғаның екі жағын көмкерген түлей тоғайы ғана қалулы. Құз ернеуінен төмен қараймын деп басың айналып құлап кетсең – Алла сақтасын!«гудбай, чилдрен».

Құз басында өткен импровизациялық шағын таныстырылымда сөз тізгінін қолға алған аудан әкімінің орынбасары Мұхтар Батырханұлының түрлі инфографикамен әдіптеп тұрып айтып берген әңгімесінен ұққанымыз, бүгінде облыс, аудан басшылары Қарашатқалға болашағы алда, келешегі жарқын туристік кластер ретінде үлкен мән беріп отыр екен. «Сырым және Ко» бес гектарлық жерде, жалпы құны 1,5 миллиард теңге болатын арнайы жоба жасаған. Ол жүзеге асқан жағдайда, туристер бұрынғыдай бірден Қайыңды мен Көлсайға, Саты мен Күрмеутіге тіке асып кетпейді, мына Қарашатқалға арнайы аялдап, тұмса табиғатта сағынышының сарығын бір басып алады. Қонып, Көлсайға ертең жүрем десе тіптен жақсы хайтэк стиліндегі отызшақты коттеджді қонақжай, палаткалы қалашық,ұлттық тағам әзірлеп, қымыз-қымыран, қазы-қарта,жал-жаядан ауыз тигізетін 400 шаршы метрлік зәулім мейманхана сізге мәдениетті қызмет көрсетпек.

Жобаны жүзеге асырушы «ASK Capital» ЖШС. Нарықта он екі жылдан бері жұмыс атқарумен келеді. Осыған дейін іске қосқан жобалары Алға кентіндеіске қосылған Altyn Fish, сондай-ақ Қазақстанның жеті-сегіз қаласында аты дүркіреп тұрған Qazaq Grillжелісін құрушылардың бірі Сырым Көлбаевтың айтуынша, Қарашатқал аймағының бірегейлігі шатқалүстінен салынатын аспалы (вантты) көпірмен байланысты. Жай көпір емес, шыныдан жасалатын көпір. Ұзындығы 170 метр, биіктігі 80 метр, бірмезгілде 500 адам өте алады. Күллі ТМД-да теңдесі жоқ, Қытайда ғана бар. Сосын Грузияда да салынған. Солардағыдай, өтіп келе жатқаныңда аяғыңның астындағы әйнек шытынай жарылып бара жатқандай әсер береді. Иманыңды үйіріп, ойбайлап құлап, жандәрмен көпірдің жақтау білігіне жармасасың. Бірақ қорықпаңыз, бұл бар болғаны арнайы экран арқылы берілетін бейне-дыбыс, эффект. Бір өтіп алыңыз, одан кейінгі қызықтың көкесі арғы бетте: демалыс саябағында атқа салт мініп жүру, квадрациклменорқояндай орғу, үш жарым га жер көлемінде өсірілген балық, тұма көл мен жылғажылғадан балық аулап отырып тұңғиық ойларға бату, қысқасы, смартфон мен гаджеттен біржола құтылмасаң да, оларға шұқшиып үңілуді кейінге ысыра тұрып, тұмса табиғатпен, ілкітұмса жаратылысыңмен бетпе-бет қаласың. Дәл осы сәттеріңе еш теңге, доллар һәм еуро тең келмейді.

Қарашатқал туристік аймағы жобасын 2026жылдың күзінде аяқтау көзделіп отыр екен. Экотуризм әлеуетін алға қойған кәсіпкерлер мен инвесторлардың қадамы оңынан болсын, жаңалыққа жаны құштар, іскер отандастарымыздың қатары толыға берсін, ылайым.Десе де, біз Қарашатқалда болып кеткен күннің ертеңіне, азанда аудан аумағында жер қозғалды ғой. Жыл бойына ет үйренген 2 балл. Қираған, бүлiнген ештеңе жоқ. Сонда да осы жағдайдың өзі ой саларлық, яғни, сейсмоқауіпті аймақта әйнек көпір салудың кепілдігі қандай деген сұрақ көлденеңдей береді. Қытайдағы шыны көпірдің жөні бір басқа, бұл елде сейсмоқауіпті әйнек құрылыс салудың ондаған жылдардан бері жинақталған қара тәжірибесі бар. Әлемдегі ең ұзын және ең биік Чжанцзяцзе шыны көпірі (ұзындығы 430 метр, ені 6 метр, жерден 260 метр биіктікке ілінген), израильдіктер жобалап, қытай инженерлері тұрғызған бұл жоба туристік мақсатты көздегенімен, түп тереңінде шығыстағы көршімізге тән жұрттың аузын аштырып, ұлы халық ретінде өзіне тәнті ететін грандомания жатыр ғой. Грандоманияға біз үшін әлі ерте, бізге нағыз шынайы, пайда әкелетін туристік аймақ керек. Жоба авторларының айтуынша, көпір жұмысын жобалаған швейцариялық «Fatzer AG» компаниясы, негізгі құрылыс материалдарын және басқа да компаненттерді осы компания жеткізіп бермек. Міне, бұл жобаға сенім ұялатады. Қалай болып шығады, ол уақыттың еншісінде.

Екіншіден, инфрақұрылым, әсіресе жол мәселесі.Туристер еркін, қиындықсыз жету үшін сапалы түрде салынатын республикалық, облыстық және аудандық маңыздағы жолдар. Осы сапарда барлығы 775шақырым құрайтын ауданішілік жолдар салу, бұрын салынған қиыршық тасты және асфальт жабындылыжолдарды жақсарту бойынша бірталай шаруа атқарылып жатқанын көзбен көрдік. Бірақ жолдар сапасыз, бұған жергілікті тұрғындар да наразы. Біз осы жолы ауданда жүрген «Қазавтожол» Ұлттық компаниясының Алматы облысы филиалының бөлім басшысы Жанат Өтепбергеновтен бұл жағдайдың себебін сұрағанымызда, оның айтқаны: бұл республикалық маңыздағы жол ескі жолдар, сонау 1970-1980 жылдары салынған және сол кездегі төменгі асфальттық негізі ауыр жүк көліктерінің салмағына шыдамай ойықтар пайда болған, ендігі міндет сол асфальт негіздің үстімен жаңадан екі қабат жабынды жүргізу, ол үшін қиыршық тас пен цементтен тұратын композитті жаңа технология қолданылмақ.

Бұл өзі Кегенге ғана емес, жалпы еліміз бойынша ортақ жағдай. Қай жерге барсаң да жаңадан төселген жолмен ауыр фуралар жүріп ойқышойқы, шұрқ тесік қып тастайды. Фура болғанда, халықаралық күре жолдармен жүк тасымалдайтын рефрижераторлар емесжолды бүлдіретін, жүк салмағы халықаралықстандартқа есептеліп жасалған (әрқайсысына 16 тонна салмақ түсетін сегіз білік-өс, сонда 2048 тонна құрайтын салмақ жол теліміне тиісті мөлшерде жайылып түседі) бұл көліктерден келіп-кетер залал жоқ, пәленің басы әлгіндей стандартқа есептелмеген білік-өсі аз, бұрынырақта шығарылған өзіміздегі жүк машиналары. Заң бойынша олар үлкен жолдармен жүрмеуі тиіс, ал бірақ осыны қадағалап отыруы тиіс мемлекеттік органдар бұған әлі күнге көз жұмып қарап келеді.

Кеген, Райымбек аудандарында асфальтбетон зауыты жоқ. Құрылыс материалдары Алматыданжеткізіледі. Мұның өзі жұмыс қарқынын тежейді.Бұдан шығар жол – екі ауданға ортақ асфальтбетон зауытын салу. Бұл жағдай шешімін табуы тиіс және Жаңа Қазақстан оның да шешімін табатынына біз сенеміз.

Оған дейін Кегендегі туристік кластер өңірге турист тартудың бар жабдығын жасап, тас-түйін отыруы керек. Біз аудан басшыларының көз жанарларынан осы бір шындықты түсінген адамдардың отын көрдік. Айтуларынша, биылғы тоғызайда ауданға 360 мыңның үстінде турист келіп-кеткен. Бұл былтырғы он екі айдағы мөлшерден 100 мыңадамға көп, сәйкесінше аудан бюджетіне туризмнен 81 миллион теңге кіріс түскен. «Шарқұдық» альпинистер лагеріне келуші экстремал туристер саны да көбейіп келеді екен. Бұл туристік кластер аудан экономикасының бойын ширатып, қанын жүргізіп отыратын күретамырға айналады деген сөз. Ал осы және өзге де қолға алынған іс-жобалардың алға жылжуы адамдарға, кадрларға, яғни адам факторына байланысты.

Халықтан шықпаса, халыққа жетпейді

Жоғарыда айттық қой, аудан әкімі Қарашатқалдың басында бастан-аяқ бізбен бірге жүрді деп. Бұл ғана емес, бір күнде журналистер тобы аралаған бүкіл нысанның басынан да табылды ол. Құдая тоба,басқаларды білмеймін, ал өз басым адаммен адам құсап сөйлесетін әкімқараны бірінші көруім. Тыным таппайды, сондай қағылез, шаршамайды да, әлгі бір24/7 уақытын жаттығу залында маңдай терін сиырып тастап өткізетін жансірі спортшылар болады ғой, дәл солар секілді өте еңбекқор екен.

Ал енді бар ма, әкімнің шынымен де спортсмен екенін және жай спортшы емес, әлемге аты кеткен чемпион екенін естігенімде газельдің жайсыздау орындығынан, қырғыздар айтатындай ырғып түсе жаздадым. Есімді жиып, дереу гугл атайды көмекке шақырдым.

Нұрбақыт Молдахметұлы Теңізбаев. 1983 жылы 10сәуірде Талдықорғанның Үшаралында дүние есігін ашқан. Грекрим күресі стиліндегі балуан, 2003 жылы Стамбұлда жасөспірімдер арасында өткен әлем біріншілігінің жеңімпазы, әлем біріншілігінің қола жүлдегері (2009), Азияның екі дүркін чемпионы, 2008 жылы Бейжіңде өткен жазғы Олимпиялық ойындардың 60 килограмға дейінгі салмақ дәрежесінде күміс жүлдегері, Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері. Вики осылай дейді. Вот это да!


Ауылда өскен қазақтың қара баласы
, суанның оғланы Нұрбақыт көпбалалы (11 бала) отбасындағы тоғызыншы перзент екен. Қаршадайынан спорт сөмкесін мойнына асып, Жаркенттегі «Дәулет»клубына, Жұмахан Тұрғанбеков бапкерге барып жүріп, күрес өнерінің қыры мен сырын игерген. Одан әрі кәсіби жаттықтырушы Құдайберген Ағымовтың қоластында шыңдалған. Боз кілемді ала шаң қылған одан соңғы жетістіктерін ілгеріде келтірдік. Ал спорттан кеткесін төрт жыл жаттықтырушы болып жүреді де, одан әрі Алматы облыстық Спорт басқармасын басқарып, 2023 жылы шілде айында Кеген ауданының әкімі болып тағайындалды.

Нұрбақыт шынында да қарапайым, тіпті өте қарапайым жігіт екен. Талай пресстурларда болып жүрміз ғой, бірақ қандай да бір әкіммен дәл Нұрбақытпен сөйлескендегідей еменжарқын тілдескенім, оны айтасыз, жанына жақындағаным(жақындатқаны) есімде жоқ. Құдды қасымызда әкім емес, жолсерігіміз жүргендей бір әсер. Жол бойы көлікте бізбен бірге болып, сұңғыла гид ретінде жүрген жерлерімізді таныстырумен болды. Шежірелі елдіңшұғылалы тарихын жатқызыпөргізуімен бізді тәнті етті. Сөзім жалаң болмас үшін бір деталь келтірейін.Үйленген, екі баласы бар ол біздің Қызылордаға, оның ішінде Қармақшы ауданына күйеу екен. Менің жанымда шиелілік журналист Мәдина Сарбалаева отырған. Бір мезгілде әкім бізге өз қолымен күрең шай құя бастады. Мәдинаның да кесесіне қызылын жұқтырып тұрып құйды, құйғаны сол еді, осы пресс-турды ұйымдастырып, Кегенге бізді жиып әкелген Ришат Асқарбекұлынан Мәдинаның суан елінің келіні екенін естіп күліп жіберді. «Біздің жақ күйеуге атымен күл тасытады, қайта оңай құтылдыңыз» деп жатырмыз. Атқа жақын екенін, ұлттық ат спорты түрлерімен арнайы шұғылданатынын біліп алғанбыз.

Мұның бәрі көпбалалы отбасынан, яғни халықтың өз ішінен қайнап шыққандығының, жас уағынан еңбекпен, бейнетпен қатып-пісіп шыңдалғандығының белгісі. Қадыр Мырза-Әлінің белгілі сөзінөзгертіңкіреп айтсақ, «әкім халықтан шықса ғана сөзі халыққа жетпек, өзі халыққа жақпақ». Шүкір, біз сөйлескен кегендіктердің пікіріне қарасақ, елдің жаңа әкімге деген көзі түзу. «Кетпесе екен, бастаған істерін аяғына дейін жеткізсе екен» дейді көпшілігі. Ал Нұрбақыт Теңізбаевтың жоспары көп. Туризмнен бөлек, инвестициялық құны екі жарым миллиард теңгелік ет комбинатын салып, мал өнімін Алматыға тасымай, осында өңдеу, шағын гидроэлектрстансалар салу, форель шаруашылығын ашу, Көлсайдың үстімен салынатын аспалы автотұрақ орны, жол бойындағы кемпингтер, маршруттық тәсілмен жол төсеу… Несін айтасың, жетіпартылады. Мұның барлығы да Нұрбақыттың және оның командасының кілең сайдың тасындай сатырлаған жігіттер мен оттан көйлек кигендей өжет қыздардың қолдарынан келетініне біз сенеміз. «Жерұйық көрем десең Кегенге кел!» деп келетін ауданның гимн-әні, әне, сол кезде асқақтата шырқалатын болады, иншалла.

Гүлмира Асылбекқызы

Sunqarnews.com

Ұқсас жаңалықтар

Алматыда ұлағатты ұстаз Күләш Құнантайқызының құрметіне оқу ғимараты берілді

Redaktor SunqarNews

Ковидтан кейінгі асқынулар және олардың алдын алу жолдары

Redaktor SunqarNews

Дулат Тастекей Гарвардты бағындыруға аттанды

Redaktor SunqarNews

Пікір жазу