Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ әлемдік QS World University Rankings рейтингінде үздік 200 университет қатарына енуі, Шығыс Еуропа және Орталық Азия елдері бойынша осы рейтингіде 16-орынды иеленуі – халықаралық аренадағы беделін айғақтайды. Білім мен ғылымның алтын діңгегіне айналған ордада жыл сайын мыңдаған студент сапалы білім алып, ғылыми зерттеулер жүргізуді жалғастырып келеді.
ҚазҰУ әлемнің жетекші университеттерімен және ғылыми ұйымдарымен ынтымақтастықта болғандықтан, білім алушыларға әлемнің озық университеттерінде оқуға, ғылыми тағылымдамадан өтуге мүмкіндік жасалған. Жыл сайын университетте шетелдік студенттер саны артуы – оқу орнының халықаралық деңгейде бәсекеге қабілеттілігін көрсететін тағы бір дәлел.
Университет қалашығында студенттерге барлық жағдай жасалған: жатақханалар, спорттық кешендер, кітапхана, зертханалар, мәдени-демалыс орындары мен заманауи жабдықталған оқу корпустары бар. Ғылыми кітапхана қоры – 2 миллионға жуық және оқырман залы, интернет залында білім алушыға бар игілік жасалған. Университет маңындағы «Қазақ университеті» баспасында жыл сайын жарыққа шығатын кітаптар кітапхана қорын толықтырып келеді. Кампустың жасыл аймақтары, әсем табиғаты және заманауи инфрақұрылымы білім алуға өте қолайлы.
ҚазҰУ – әр білім алушының әлеуетін ашып, жаңа білім мен дағдыларды қалыптастыруына, сондай-ақ ғылымның дамуы мен жандануына негіз болып келе жатқан оқу ордасы.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті – білім, ғылым мен руханияттың алтын бесігі.
Оның қабырғасында білім алған әрбір түлек – ел келешегін жарқын ететін ардақты азамат.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың
I курс докторанты Д.А. Қайыңбай,
PhD, доцент м.а. Н.А. Утемгалиева,
Ф.ғ.д., профессор Р.А. Авакова.