SunqarNews ақпараттық порталы
Жаңалықтар

Айтиге жол – шахтер мен сатушыдан бастап, Google-ге дейін

Ермек Бақытұлы Күзенбаев — IT саласында жоғары білікті мамандарды даярлаумен алты жыл бойы айналысып келетін «Alem School» бағдарламалау мектебінің басшысы.  «Alem School» мектебінің алты жүзден астам шәкірті Tesla, Google, Amazon сияқты әлемдік компаниялар мен ел ішіндегі Kaspi, InDrive, Forte Bank деп тізіліп кете беретін ірі компанияларында бақтарын сынап көріп, қызметке орналасуға мүмкіндік алды.

SunqarNews ақпараттық порталы Ермек Күзенбаевтан сұхбат жазып, Қазақстанның айти әлеуеті жайлы әңгіме өрбітті.

Ермек аға, білім саласында білек сыбанып тұрып, қызмет істеп жүрген белсенді азаматтың бірісіз. Қазір ел іші жаппай жасанды ақыл ой туралы көп айтып жүр ғой. Осы ретте Қазақстандағы айти әлемдік стандарттармен салыстырғанда қай деңгейде?

Ермек Күзенбаев: Артық айтты деп сөкпеңіз, біздің айти кадрлер әлемдік нарықта мықтап өз орнын алмаққа ынта-шынтасымен тырысып жүр. Оған 2019 жылы құрылған «Alem School» мектебі де өз үлесін қосты деп батыл айта аламын. Ең қызығы бұл заманауи мектептің мұғалімі мен деканы, тіпті сабақ кестесі де жоқ. Білім қуған балаларға арнайы тапсырманы 24 сағат жұмыс жасап тұратын компьютердегі бағдарлама беріп отырады. АЙТИ фабрика деп бағаланған мектеп – оқушысына білім ғана емес, инновациялық шешім қабылдау, сандық жүйені шебер меңгеру,  ең бастысы бірігіп, командамен жұмыс жасауды үйретеді. Және білімді мұғалім емес, балалар және компьютерлік бағдарлама бағалап отырады.

— Қызық екен, айти саласы үшін дәстүрлі білім беру жарамай қалды дейсіз ғой? Бұл мектепке түсу үшін қандай базалық білімің болуы шарт?

Ермек Күзенбаев: Қатып қалған шектеу жоқ. Мысалы бізде шахтер болып жұмыс істеген адам келіп, программист болып шықты. Бұрын телефон сатушы болғандары да бар. Айтпағым — біздегі оқудың бір ерекшелігі: ол — геймификация, яғни, ойын негізінде құрылған, ал студент оқу басынан өзін сол ойынның кейіпкері ретінде сезінеді. Әрі әр сынақтан өткен сайын сол ойынның кейіпкері ретінде нәтиже көрсетіп, сол ойынның кейіпкері ретінде ұпай жинайы және басқа студенттермен бәсекелеседі және өзара команда құрып, бірге жұмыс жасайды. Осының нәтижесінде студенттердің қызығушылығы өте жоғары. Ойын негізінде осы оқуды бітіріп шығады.

— Білуімше, француз кәсіпкері Хавьер Нилдің әдісімен салынған мұндай мектептегі білім алу ұзақтығы үш жыл. Бізде қалай?

Ермек Күзенбаев: Иә, дұрыс айтасыз. Бастапқыда біз осы әдіспен білім алдық, уақыт өте келе өз платформамызды әзірлеп алдық. Сондықтан біздегі білім беру бір жыл. Басы артық диплом, сертификат сұрамаймыз. Базалық ағылшын тілің болса, ынтаң болса — мархабат!

— Бес жылда қанша студентті даярлап шықтыңыздар?

Ермек Күзенбаев:  Бес жылда он тоғыз мыңнан аса азаматтан оқуға өтініш түсті. 900 ден астам студент қабылданды. Оның алты жүзін еңбек нарығына сақадай сай етіп, дайындап шығардық. Жұмысқа орналасу көрсеткіші өте жоғары. Бітіре сап, басқа бағытқа кетіп қалатын шәкірт аз. Былай айтайыншы, оқуға түскеннен кейінгі жарты жылда-ақ шәкірттердің алпыс пайызы жұмысқа тұрады. Ал оқуды бітіргеннен кейін жұмысқа орналасқандар тоқсан пайызды құрап отыр. «Alem School» енді ашылғанда Орталық Азия мемлекеттерінің ішінде Р2Р принципімен оқытатын бірегей білім беру ордасы болған, қазір бәсекелестеріміз көп.

  • Ермек аға, сұхбаттың басында жасанды ақыл ойдың дендеп еніп жатқанын айтып өттік қой. Осы туралы да пікіріңізді білгіміз келеді.

Ермек Күзенбаев: Бұл сала біздің студенттерге ғана қатысты емес, бәрімізді өмірде де, тұрмыста да, жұмыста да мықтап қамтып алды ғой. Десе де әсіресе,  біздің шәкірттер оқу барысында жасанды ақыл ойдың көмегін тиімді  қолдану  үшін кәсіби мүмкіндіктерін терең пайдаланып жүр. Болашақта оң жемісін көреміз деп сенем.

  • Ермек аға, сіздің айти мектепте журналистерді дайындау жоспарда бар ма? Ақпаратты барынша тиімді жеткізу жолында жасанды ақыл ойдың мүмкіндігі мол ғой?

Нақты айти саласындағы журналистерді даярлап шығу жоспарда жоқ. Бірақ ойланып көруге болатын қызық сауал екен. Дата аналитика, киберқауіпсіз саласын дамыту саласын қолға алдық қой, ал Сіз айтып отырған ақпараттық қауіпсіздік айтимен тығыз байланысты.

Мән-мағыналы сұхбатыңыз үшін көп рақмет, Сізге және Сіздің шәкірттеріңізге толағай табыс тілейміз!

Ал біз, SunqarNews ақпараттық порталының оқырмандарын да ойландыратын сұрақ тастайық ортаға:

  • Жалған жаңалыққа сеніп қалған сәттеріңіз көп болды ма?
  • Әлеуметтік желіде күнде көзімізге түсетін түрлі ақпараттың арасынан шындық пен жалғанды қалай ажыратып жүрсіз?
  • Сіз үшін маңызды жаңалықтың көзі не — блогер ме, ресми БАҚ па?
  • Ақпараттың рас-өтірігін тексеруге уақыт бөлесіз бе, әлде көрген бойда сеніп, ары қарай таратасыз ба?

Төменде пікір бөлісіп, ойларыңызды жаза отырыңыз. Ең ұтымды жауап иесіне кішігірім сыйлығымыз бар.

 

Sunqarnews.com

Ұқсас жаңалықтар

Дулат Тастекей “Атымтай жомарт” төсбелгісін иеленді

Redaktor SunqarNews

Қызылордада ұлттық қолөнерді дәріптейтін ерекше көрме өтті

admin_sunqar

Асхат Аймағамбетов: Педагогикалық мамандықты таңдаған үздік, көзі жанып тұрған жастар QyzPU-ға түсіп жатыр

Redaktor SunqarNews

Пікір жазу